Атырау, 17 мамыр 11:40
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

СNN Қырым көпіріне шабуылдың видеосын жариялады

423 просмотра

CNN телеарнасы 17 шілдеде Қырым көпіріне шабуыл жасалған сәттің видеосын жариялады. Видео Украина қауіпсіздік қызметінен алынған, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Осылайша Киев алғаш рет бұл шабуылға Украина барлау қызметінің қатысы барын ресми түрде мойындады.

Украина қауіпсіздік қызметінің телеарнаға берген видеосында 850 килограмм жарылғыш зат бар дронның көпірдің тіреуіне соғылғаны көрінеді. Украина барлау қызметінің дереккөздері CNN-ге дрон шабуылдаған сәт түсірілген тағы екі видео берген. Екінші видеода дрон Қырым көпіріндегі теміржол жанында жарылады.

Украина қауіпсіздік қызметі басшысы Василий Малюк CNN-ге берген сұхбатында шабуылға Sea Baby ("теңіз баласы") дроны қолданылғанын айтты. Ақпаратқа қарағанда, дронды Украина қауіпсіздік қызметі жасап шығарған. Малюктің айтуынша, дрон шабуылынан кейін Ресейдің "Оленегорский горняк" әскери кемесі істен шығып, "Сиг" танкері бүлінген.

17 шілдедегі Қырым көпіріне шабуыл салдарынан көпірдегі автожолдың бір жолағы тіректен шығып кеткен. Жарылыс сәтінде көпірде болған көлікте отырған, Белгород облысынан Қырымға демалысқа бара жатқан ерлі-зайыпты өліп, 14 жасар қыздары ауруханаға түскен.

Сол күні Ресей президенті Владимир Путин Қырым көпіріне жасалған шабуылды "теракт" деп атап, ол үшін Мәскеу жауап қайтаратынын мәлімдеді. Ресейдің тергеу комитеті "теракт" бабымен қылмыстық іс қозғады.

Ресей әскері 18 шілдеден бері Украинаның Одесса қаласы мен облысына жиі соққы жасап жатыр. Сол күні Ресей астық келісімінен шыққан. Украина билігі Мәскеу астық экспортын тоқтатқысы келеді деп санайды.

Ресей өзінің әрекетін 17 шілде күнгі Қырым көпіріне жасалған шабуыл үшін "кек алу" деп атады.


17 тамыз 2023, 09:43

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.