Атырау, 17 мамыр 09:02
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Шекарадан заңсыз өту үшін адамдар түрлі қулыққа барады – шекарашы

566 просмотра

Солтүстік Қазақстан облысындағы Баян Батыр шекара бөлімшесін басқаратын Арнұр Әмірғалиев былтыр өңірдегі әріптестері арасында топ жарып, үздік атанды. 27 жастағы әскери қызметші осы салаға келгелі 30-ға жуық шекара бұзушыны қолға түсіріп, өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен орындап келеді. Кәсіби мереке қарсаңында Арнұр Нұрмағанбетұлын ҚазАқпарат тілшісі әңгімеге тартты.

Арнұр Әмірғалиев Мағжан Жұмабаев ауданындағы Баян Батыр шекара бөлімшесін өткен жылдың қазан айынан бастап басқарып келеді. Өз міндетіне берік, сөзден гөрі істің адамы Арнұр Нұрмағанбетұлы өңірдегі жиырмадан астам шекара бөлімшесі бастығының ішінен топ жарып, былтыр облыстың үздік шекара бөлімшесінің бастығы атанды. Айтуынша, ол жерде барлық көрсеткіш ескерілген, бөлімшедегі ішкі тәртіптен бастап, шекара бұзуға әрекет жасап жатқандарды анықтап, ұстауға дейін. Қол астындағы қызметшілердің ешқандай жауапкершілікке тартылмауы – осының бәрінен ең жоғары балл жинаған бастық үздік атанады.

«Мен Алматы облысы Алакөл ауданы Жайпақ ауылында дүниеге келдім. 2014 жылы туған ауылымдағы Мұқан Төлебаев атындағы орта мектепте бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы шекара қызметі Академиясына оқуға түстім, осылайша шекарашы мамандығын алып шықтым. Туған жерін сүймейтін адам жоқ, әркім қолынан келгенше Отанына қызмет еткісі келеді. Ал мен болсам байтақ жерімізді, туған елімізді қорғайтын шекарашы болсам дедім.

Қазыбек бидің «Жерінің шетін жау баспасын деп найзаға үкі таққан» деген сөзі бар, шекарашы болу үшін ең алдымен патриот болу қажет. Сондай-ақ шыдамдылық, қайсарлық адам бойында болғаны жөн. Ел сенімін, үмітін толық ақтау үшін алдыңғы шепте кең-байтақ еліміздің шекарасын күзетіп жүрміз», - дейді Арнұр Әмірғалиев.

Баян Батыр шекара бөлімшесінің қызметкерлері биыл мемлекеттік шекараны бұзып өтпек болған 14 адамды қолға түсірді. Олар көрші мемлекетке барып, жақсы жұмысқа орналасуды, қаражат табуды көздеген. Енді бірі туыстарына өтпек болған екен.

«Ресейде бала-шағасы, ағайын-туыстары бар, соларға барып-қайтқылары келеді, бірақ негізгі бекеттен өте алмайды, тыйым салынған болуы мүмкін. Кейбірінің қарызы бар, енді бірі қылмыстық жауапкершілікке тартылған болуы мүмкін. Міне осындайлар заңсыз өтуге әрекет жасайды. Мысалы, биыл қолға түскендердің бесеуі – ел азаматы, екеуі – Өзбекстан азаматы. Екеуі сыған және қалғаны ресейліктер. Оларды ұстап, мемлекеттік шекара режимін бұзғаны үшін ҚР мемлекеттік шекара туралы заңының 514 бабына сәйкес айыппұл саламыз, егер Қазақстан азаматы болған жағдайда айыппұл мөлшері – 10 айлық есептік көрсеткіш. Шетелдік болса миграциялық полицияға тапсырып, республика аумағынан 10 күн ішінде шығарылады, елдеріне қайтарылады.

Мемлекеттік шекараны бұзушылар өздерімен бірге әкеле жатқан заттарын, темекі қалдықтарын, ішкен сусындарының бос ыдыстарын қалдырып кетеді. Сол арқылы табуға болады. Иісшіл, үйретілген иттеріміз бар, соларды ізге салып, алысқа ұзатпай құрықтаймыз», - дейді шекарашы.

Отан тыныштығын күзету жолында еңбек етіп жүрген Арнұр Нұрмағанбетұлы осы уақытқа дейін 30-ға жуық шекара бұзушыны қолға түсірген.

«Шекараны бұзушылар түрлі іс-әрекет, айла-тәсілдерге барады. Бізде шекара сызығы бойымен із бақылау жолағы бар. Оны шекарадан заңсыз өтушінің ізін көру үшін трактормен жыртып қоямыз. Өткенде із қалып қояды. Сол ізді жою үшін арттарынан сыпыртқымен сыпыратындар болады не болмаса жылқының, сиырдың тұяғын аяқтарына байлап алып, сол арқылы аттап өтеді. Кейбірі талды, таяқ тастап, ізін көрсетпеу үшін соның үстімен өтеді. Енді бірі сырғауылды жерге қадап, келесі бетке секіріп өтеді.

Жалпы күш құрылымында істейтіндер міндетті түрде спортқа жақын болуы тиіс. Өйткені қылмыскерлермен бетпе-бет келетін кездер болады. Қарсылық көрсеткенде әдіс көрсетіп, қашқан кезде қуып жетіп ұстау – жақсы физикалық дайындықтың берері көп. Академияда оқып жүргенде қоян-қолтық ұрыстан осы оқу орнының 55 кг салмақта чемпионы болдым. Былтыр облыс бойынша шекара қызметі департаменті бастығының Кубогі болды, оған барлық күш құрылым өкілдері қатысты. Солардың арасында бірінші орын алдым.

Қазақтың даңқты батыр ұлдарының бірі Бауыржан Момышұлы «Отан үшін отқа түс – күймейсің» деген екен. Кең-байтақ жерімізді батыр бабаларымыз жауға бермей аман алып қалып, бізге аманат етті. Менің шекарашы ретіндегі міндетім – ел шеарасын қырағылықпен, абыроймен күзету», - дейді Арнұр Әмірғалиев.


17 тамыз 2023, 09:08

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.