Атырау, 17 мамыр 09:50
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +18
$ 441.58
€ 480.00
₽ 4.86

Қазақстан экономикасы 7 айда 4,8%-ға өсті - Ұлттық экономика министрі

479 просмотра

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 7 айдағы экономикалық көрсеткіштер туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Қантар-шілде айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 4,8%-ті құрады. Оның ішінде нақты сектор – 4,6%-ке, ал қызмет көрсету саласы – 4,7%-ке өсті. Негізгі салалардың барлығында оң динамика байқалуда, әсіресе құрылыс, сауда, сондай-ақ ақпарат және байланыс ең жоғары өсімді көрсетті. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 12,4%-ті құрады. Инвестициялар ағыны көлік және қоймалауда – 57,7%-ке, білім беруде – 24,3%-ке, саудада – 22,6%-ке, ауыл шаруашылығында – 21,3%-ке, сондай-ақ өнеркәсіпте – 9%-ке, оның ішінде тау-кен өндіру өнеркәсібінде – 8,4%-ке өсті. Өңірлер арасында ең жоғарғы өсім Абай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Павлодар облыстарында байқалды», - деді Қуантыров.

Министрдің айтуынша, алдын ала қорытынды бойынша 2023 жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 4,3%-ке өсіп, 67,2 млрд долларды құрады.

«Экспорт 38 млрд долларды құрады. Бұл ретте өңделген тауарлар экспорты 12,1 млрд долларға жетті. Тауарлар импорты 29,3 млрд долларды құрады. Жалпы, оң сауда балансы 8,7 млрд долларға тең. Өңдеу өнеркәсібінде оң өсу сақталып отыр. Өндіріс көлемі 3%-ке өсті. Көрсеткіштің өсуі 14 өңірде тіркелді. Соның ішінде ең жоғарғы өсімді Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай облыстары және Алматы қаласы көрсетті. Өңдеу өнеркәсібі салалары бойынша машина жасау өндірісінің 28,7%-ке, оның ішінде автомобиль жасаудың – 43,3%-ке және электр жабдықтарын жасаудың – 34,4%-ке өсуі қамтамасыз етілді. Сондай-ақ өсім келесі салаларда байқалып отыр: азық-түлік өндірісі – 4,5%, химия өнеркәсібі – 4,1%, металл бұйымдары – 8,1%, сусындар өндірісі – 6,4%, пластмасса бұйымдары – 8%, жеңіл өнеркәсібі – 21%», - деді ол.

ҰЭМ басшысы атағандай, тау-кен өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,8%-ке жоғарылады.

«Бұл ретте мұнай өндіру – 5,6%-ке, газ өндіру – 2,5%-ке, өзге де пайдалы қазбаларды өндіру – 14,2%-ке, тау-кен өнеркәсібінде қызмет көрсету – 2,4%-ке өсті. Металл кендерін өндіру – 0,5%-ке, көмір өндіру – 6%-ке төмендеді. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,2%-ке ұлғайды. 17 өңірде оң өсу тіркелді, әсіресе құрылыс-монтаждау жұмыстарының ең көп өсуі Жетісу, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Абай облыстарында байқалды», - деді ол.

15 тамыз 2023, 10:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.