Ресейге тиесілі "Василий Быков" күзет кемесі 13 тамызда таңертең Қара теңізде оқ атып, Палаудың туы ілінген "Шюкрю Окан" жүк кемесін тоқтатты. Ресей қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, кеме Украинаның Измаил қаласына бағыт алған. Ресей кемесі оны тексеру мақсатында тоқтатқан. Капитан жауап бермегеннен кейін "Василий Быков" ескерту ретінде оқ атқан, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.
Кеме тексеріліп, сапарын жалғастырған. Кемелердің бағытын тексеретін Marine Traffic сервисінің ақпаратынша, ол қазір бағытын өзгертіп, енді Румынияға жол тартқан. Жүк кемесі Грекияның Халкида портынан шыққан.
- Ресей әскері бұған дейін астық дәлізі жұмысы тоқтатқаннан кейін украин порттарына баратын кез келген сауда кемесін соғыс нысаны ретінде қарастыра бастайтынын мәлімдеген. Жүк кемесін не себепті жібергені және оның не тасымалдағаны белгісіз.
- АҚШ билігі Ресейдің украин порттарын жабуын әскери басқыншылық әрекет деп атап, Мәскеуді астық келісімінен бас тартқаны үшін қатаң сынаған.