"Жол активтері сапасы ұлттық орталығы" РМК АОФ мамандары Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы және әкімшілік полиция басқармасы өкілдерімен бірлесіп "Жолдағы қабылдау" акциясын өткізді.
Рейдтік іс-шара барысында "Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы /Астрахань бағыты/" тас жолының "Қарабатан" елдімекені тұсындағы демалыс алаңында 10-нан астам ауыр жүк көлігінің салмағы өлшенді.
- 1-маусым мен 31-тамыз аралығында ауыр жүк көліктерінің қозғалысына уақытша шектеу енгізілген. Соған сәйкес, бір осьтік жүктемесі 8 тоннадан асатын көлік құралдары сағат 10-00 мен 22-00 аралығында облыстың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарында жүрмеуі тиіс, - дейді 'Жол активтері сапасы ұлттық орталығы" РМК АОФ бөлім бастығы Нұрлан ЖАНТУРИН.
Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының бөлім бастығы Әнуар БИСАЛИЕВТІҢ айтуынша, тексеріс нәтижесінде ауыр жүк көліктерінің жүргізушілеріне ҚР Әкімшілік кодексі 571-бабы 1-бөлімі, 590-бап және 572-баптың 2 бөлімі бойынша 5 хаттама толтырылды. Енді көлік иелері 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА