Атырау, 29 қыркүйек 20:30
 ашықВ Атырау +13
$ 479.23
€ 534.96
₽ 5.16

"Яндекстің" негізін қалаушы Аркадий Волож Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптады

742 просмотра
Владимир Путин және Аркадий Волож. Архивтен алынған сурет. 2017 жыл.

Ресейлік "Яндекс" IT-компаниясының негізін қалаушы Аркадий Волож алғаш рет Ресейдің Украинаға басқыншылығын жария түрде айыптады, деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Волож басқыншылықты "варварлық" деп санайтынын және одан шошынатынын мәлімдеді. Кәсіпкер Ресейдің әрекеті үшін “өзін де жауапты сезінеді”.

59 жастағы Аркадий Волож 2022 жылдың маусымында Еуроодақтың санкциясына іліккен. Ол ЕО-ның ресми журналында "Ресей үкіметін материалдық және қаржылық жағынан қолдайтын, Украинаның аумақтық тұтастығына, егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін әрекеттер немесе саясат үшін жауап беретін кәсіпкер" ретінде аталған.

ЕО "Яндексті" іздеу торабында мемлекеттік БАҚ-ты алға шығарып, Кремльге, Ресей басқыншылығына қатысты сындарды өшіруге жауапты компания деп атаған.

Волож "Медуза" басылымына соғысқа байланысты ұстанымы туралы жазған хатында "Яндексті құрушылар ашық, прогрессивті, жаһандық экономикаға интеграцияланған жаңа Ресейді құрып жатырмыз деп ойлады. Алайда уақыт өте Ресейдің жаһандық әлемнің бір бөлігі болуға асықпайтыны белгілі болды. Ал компанияға қысым күшейе түсті" деп жазған. Оның айтуынша, қазір ол мұндай жағдайда "басқаша жұмыс істеу мүмкін емесін" түсінген.

Осыған дейін "Проект" жобасы зерттеуінде Ресейдің Украинаға басқыншылығын ашық қолдамаған ресейлік миллиардерлер Ресей қорғаныс министрлігімен келісім-шартқа қол қойып, пайда тауып жатқанын жазған. Олардың арасында Волож да бар.

Бұған дейін Волож жеке сайтындағы биографиясында өзін "Қазақстанда туған израильдік кәсіпкер" деп атаған. Ол сайтындағы ақпаратта Ресейде бизнес жасап, сонда тұрғаны жайлы ештеңе айтпаған.

Волож 2022 жылы соғысқа байланысты санкцияларға ілінген соң "Яндекстегі" барлық қызметтен кеткен. Айтуынша, кейін ол елден кеткен ресейлік инженерлерді қолдай бастаған.

Қазір ол Израильде тұрып жатыр. Кей ақпаратқа қарағанда, ол негізгі компаниядан бөлініп шыққан "Яндекстің" халықаралық сервисі арқылы бизнеспен айналысайын деп отыр.

Мамырда "Медуза" мен The Bell басылымдары "Яндексті" бөлу бойынша келісімге президент Владимир Путин келісім бергенін жазған. Компанияны миллиардерлер Владимир Потанин, Алексей Мордашов, Вагит Алекперов және мемлекеттік ВТБ банкі бөліске түсіретіні хабарланған. Кейін басылым келісімнің болмайтыны туралы жазған.

11 тамыз 2023, 10:42

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.