Өткен жылы жат ағымды насихаттайдын 23 930 парақша «Кибернадзор» бағдарламасы арқылы бұғатталса, биыл олардың саны 13 679-ға азайды. Сондай-ақ 186 483 азаматтың әлеуметтік желідегі парақшаларына зерделеу жүргізіліп, 104 азаматтың парақшасы дінтану сараптамасына жолданған. Бұл туралы Атырау облысы Дін істері басқармасы Ақпараттық-талдау орталығы басшысының орынбасары Қалыбек ҚҰБАЙДОЛЛАЕВ баспасөз брифингінде мәлім етті.
Сонымен қатар, жат ағымды насихаттудың жолын кесу үшін дін істері басқармасы бірқатар шаралар жоспарлады.
- Жастар арасында қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарын дәріптейтін үгіт-насихат жұмыстары жасалу керек. Осы мақсатта «жастар клубын» ашып, «Білімді әйел – тәрбиелі ұрпақ» тақырыбында әйелдер форумын өткізіп, «Ана көрген тон пішер» тақырыбында аналар курсы, «Әке көрген оқ жонар» тақырыбындағы әкелер курсын ұйымдастырмақпыз. Бұл аталған шаралардың барлығы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өтеді, - деді Қ.Құбайдоллаев. Ал басқарма басшысы Қайролла КӨШҚАЛИЕВ 26 тамызда Қазақстан Республикасының Конституция күніне орай облыс тұрғындары арасында 10 шақырым қашықтықта жүгіру марафоны өтетінін жеткізді.
- Шара облыстық деп аталғанымен бұған Орал, Ақтөбе қалаларынан да азаматтар келіп қатысады, - деді Қ.Көшқалиев.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА