«Мета» компаниясының басшысы Марк Цукерберг X (бұған дейін Twitter) әлеуметтік желісінің иегері Илон Маскпен айқасуға дайын екенін мәлімдеді. «Арменпресс» мәліметінше, жекпе-жекті 26 тамызда өткізуді ұсынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мен бүгін де дайынмын. Оған 26 тамызда өткізуді ұсындым, алайда ол әлі нақтыламады», - деп жазды Цукерберг Threads әлеуметтік желісінде. Ол айқастың өзі ұсынған күні өтетініне күмәнданады.
Цукерберг Масктың айқасқа жаттығып жатқаны туралы жазбасын да атап өтті. Маск 6 тамызда Цукербергпен жекпе-жегі X тікелей эфирінде көрсетілетінін, одан түскен қаражат ардагерлерге арналған қайырымдылыққа жұмсалатынын жазған.
Цукербергтің X әлеуметтік желісімен бәсекелесетін Threads платформасын ашуы екі миллиардердің арасында келіспеушілік тудырған. Соңғы уақытта Маск пен Цукербергтің аралас жекпе-жек бойынша айқасы кеңінен талқыланып келеді. Абсолютті сайыскер чемпионатының президенті Дэйна Уайт айқас өтеді деп есептейді және ол ең көп қаралым жинамақ.
Еске салайық, бұған дейін Илон Маск Марк Цукербергке қарсы жекпе-жекке қызу дайындық жүргізіп жатқанын хабарлаған едік.
Қос миллиардердің октагонда жекпе-жек өткізуіне қатысты идеясы 20 маусымда туындаған. Италия үкіметі айқасты Рим Колизейінде ұйымдастыру үшін Марк Цукербергпен байланысқа шыққан.