Атырау, 27 қараша 14:54
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Құрылысы бітпеген ТҮК салымшылары баспаналы болуды немесе ақшаларын қайтаруды талап етеді

Сурет Бейнежазба
2 078 просмотра

4 тамызда Атырау қаласында құрылысы заңсыз деп танылған 4 бірдей тұрғын-үй кешенінің 40-қа жуық үлескері Атырау облыстық сотының алдына жиналды.

Олар 2019 жылы «Байсанат», «Saraishyk», «Qazanat», «Family Town» ТҮК салып жатқан «Saraishyq invest group» компаниясымен келісімшарт жасасқан. Онда тұрғын-үй кешені 2021 жылы пайдалануға берілуі тиіс делінген. Алайда құрылыс жұмыстары орта жолда тоқтап қалған. Себебі, анықталғандай, бұл кешендерді салуға рұқсат болмаған.

Жоламан КУХАЕВ:

- Мен 2019 жылы «Saraishyk» тұрғын-үй кешенінен 27 млн теңге тұратын 3 бөлмелі пәтерді сатып алу үшін ақша салдым. Содан бері 4 жыл өтті, ешқандай үй де, ақша да жоқ. Біз төрт ай бұрын полицияға арыздандық, алайда, тергеу жұмыстары қалай жүріп жатқаны бізге ашық емес. Естуімізше, біздің ақшамызды алған құрылыс компаниясының құрылтайшылары үйқамақта жүрген көрінеді. Сонда олар кінәлі болғаны ғой? Біз тергеудің ашық болуын сұраймыз.

Үлескерлердің сөзінше, көпшілігі аталған тұрғын үй кешендерінен жаңа үй алу үшін тұрып жатқан пәтерлерін сатып жіберген.

Динара ЕРЖАНОВА «Saraishyk» тұрғын-үй кешенінен 15 млн теңге тұратын 2 бөлмелі пәтер сатып алу үшін 11 млн қаржы салған.  

- Осы үшін үйімізді сатып жібердік. Білуімше, осы 4 тұрғын үй кешені бойынша 300-ге жуық адам да дәл осылай жасаған. Ішінде балалы жастар да, зейнетақыға қарап отырған ардегерлер де бар. Қазір біріміз пәтер жалдап, біріміз туысқандардың үйін жағалап жүрміз. Ал әкімдіктегілер бізге «құрылыс салуға рұқсаты бар ма?» деп сұрамадыңдар дейді. Қаланың ортасынан 4 бірдей тұрғын үй кешені салынып жатқанда, олар көрмеді ме? Бұған билік тарапынан бақылау болмайтын ба еді? ГАСК қайда қарады? - дейді Динара Ержанова.

Оның айтуынша, салымшылар «Байсанат» ТҮК-не 1,5 млрд теңге қаржы салған. Алайда тоғыз қатарлы болу керек үйдің тек үш қатары көтерілген. «Байсанат» ТҮК-де бір пәтерді құрылыс компаниясы 2-3 адамға сатқан деген ақпарат бар.

Митингіге шыққандар инвесторларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, нысандардағы құрылысты жалғастыруды немесе ақшаларын толық қайтаруды сұрайды.

Жиналғандар наразылық білдіріп жатқанда, олардың жанына Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бексұлтан САТИМОВ келді. Ол наразылық білдірушілердің бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзып жатқанын еске салды:

- Сіздер бұл жөнінде жергілікті атқарушы органға мән-жайды көрсетіп, хабарлама беру керексіздер. Хабарламаға үш күн ішінде жауап беріледі. Сол себепті бұл жерден тарауларыңызды сұраймын. Әйтпесе, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабына («ҚР бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу») сәйкес, әкімшілік жауапкершілік қаралғанын ескертемін.

Алайда тұрғындар тарай қоймады, бір-бірімен және баспасөзбен сөйлесуді жалғастырды:.

– Біз бұл жерге әділдік іздеп келдік. Мұнда таяққа сүйеніп, баласын көтеріп келіп тұрғандар да бар. Жанайқайымыздың естілгенін қалаймыз, - деді тұрғындар.

«Заңсыз құрылысқа дер кезінде неге тосқауыл қойылмады?» деген сұраққа Атырау облыстық Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысы Нариман БИҒАЛИ жауап берді.

- Салымшылардан шағым түспесе, біз тексеріс жүргізе алмаймыз. Бізге ешқандай шағым түспеді. Тұрғындар тек полицияға арызданған. Заң жүзінде құрылыс компаниясы тұрғын үйдің эскиз жобасын бізден сараптамадан өткізіп, рұқсат хабарламасын алуы тиіс. Олар рұқсат құжатын алмады.

Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі мәліметінше, аталған жағдай бойынша қазір үш күдіктіге қатысты тергеу жүріп жатыр. - 190 жәбірленушінің арызына сәйкес, Қылмыстық кодекстің 195-бабы («Алдау немесе сенiмді теріс пайдалану жолымен мүлiктiк залал келтiру»), сондай-ақ 190-баптың 4-бөлігімен («Аса iрi мөлшердегі алаяқтық») сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, - деп хабарлады ПД баспасөз қызметі.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор 

5 тамыз 2023, 13:35

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.