ҚР Ұлттық экономика миистрі Әлібек ҚУАНТЫРОВ Мақат ауданы Доссор кентінің тұрғындарымен кездесті. Олар жолдарды қалпына келтіру, көшелерді жарықтандыру, халықты баспанамен қамту мәселелерін көтерді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ескі және апатты жағдайдағы, сондай-ақ өртеніп кеткен үйлердің орнына жаңа баспана салуға қаржы бөлу қажет.
Жергілікті бюджет пен демеушілік қаражаты есебінен салынған кейбір үйлердің сапасы төмен: үйлердің төбесінен су ағып, сыртқы қаптамасы бұзылып, түсіп жатыр. Әлібек Қуантыров облыс әкімдігімен бірлесіп, үйлерді салу және жөндеу шығындарын қаржыландыру мәселесін қарастыратынын айтты.
Одан кейін жергілікті кадрларды жұмысқа орналастыру мәселесі көтерілді. Тұрғындар ірі ұлттық компанияларға жұмысқа орналасу мүмкін емес деп шағымданды: жұмысшыларды басқа қалаларда орналасқан рекрутингтік компаниялар жалдайды. Сондықтан жергілікті тұрғындар жұмыссыз отыруға мәжбүр. ҰЭМ басшысы кадрларды жұмысқа орналастыруда басымдық мүмкіндігінше жергілікті мамандарға берілуі тиіс деген пікір білдірді. Оның айтуынша, мамандандырылған кадрлар болмаған жағдайда жергілікті тұрғындарды дайындық курстарынан өткізіп, жұмысқа орналастыруға болады.
Тағы бір алаңдатып отырған мәселе – халықтың денсаулығына айтарлықтай зиян келтіріп отырған тұзды сорлардың ашық жатқаны. Жел тұрған күндері оның бетіндегі тұз көтеріліп, елді мекенге тарайды. Сондықтан, тұрғындар тұзды сорды жоюды талап етеді.
Сөз соңында Ә.Қуантыров барлық мәселе жергілікті билік және тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп қарастырылатынын атап өтті.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ҰЭМ телеграмдағы парақшасынан алынған суреттер