Атырау, 5 мамыр 11:43
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +15
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

Атыраулық параволейболшылар Олимпиада ойындарына дайындалып жатыр

1 152 просмотра

Екі жыл бұрын күрделі жөндеуге жабылған Балықшы ықшамауданындағы мүгедектер спорт клубындағы жұмыстар ақыры аяқсыз қалды. Ұлттық құрама сапында 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Паралимпиада ойындарына жолдама алған атыраулық параволейболшылар енді Абай орталығында жаттығуға мәжбүр. 

«Мүгедектер спорт клубының» КМК директоры Аманбай ҚЫЗДАРБАЕВТЫҢ сөзінше, кезінде шымкенттік «SKS Инжиниринг » ЖШС мекемесі 300 млн 707 мың 333 теңгеге тендерді ұтып алған.

Онымен күрделі жұмыстарды 2 жылда аяқтауға келісімшарт жасалды. Алайда мердігердің жұмыстары өте баяу жүрді. Екі жыл ішінде жұмыстың 70 пайызы ғана атқарылды. 2022 жылы 31 желтоқсанда келісімшарт күні біткен соң, мердігер нысанды тастап кетіп, жұмысы аяқсыз қалды, - дейді А.Қыздарбаев. Клуб мердігердің үстінен биыл қаңтарда мамандандырылған экономикалық сотқа арызданған. Сот ісі әлі аяқталған жоқ.  

Жақында құраманың 90 пайыз ойыншысын атыраулықтар құрайтын Қазақстанның параволейбол командасы атыраулық Бауыржан ТАХАУОВТЫҢ жетекшілігімен Астанада өткен Азия чемпионатында жеңіске жетіп, 2024 жылғы Олимпиадаға қатысуға лицензия алды. Енді олар ең беделді спорттық турнирде өнер көрсетуге тыңғылықты дайындалуы керек.

Б.Тахауов тағы бір мәселеге тоқталды:

- Біздің кәсіби спортшыларымыз отбасынан алыстап, айлап жан жақта жаттығуда жүргендіктен, отбасында да жақсы жағдай болу керек. Бүгінде халықаралық турнирлерде Қазақстанның намысын қорғап жүрген параволейбол құрамамыздың ойыншыларының жалақысы 200 мың теңгені құрайды. Менің ойымша, бұл жеткіліксіз.

Спортшылардың жалақысын көтеру үшін бапкер клубты ЖШС-ке айналдыру туралы жергілікті билікке ұсыныс жасағанымен, әзірге нәтиже жоқ.

Осы орайда, Бауыржан Тахауов баптайтын Қазақстан параволейбол құрамасының басты нәтижелеріне тоқталайық:

2009 жыл. Жастар арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегерлері.

2010 жыл. «В» дивизионы бойынша әлем чемпиондары. АҚШ.

2012 жыл. Әлем кубогында төртінші орын.

2014 жыл. Параазия ойындарында төртінші орын.

2017 жыл. Азия чемпионатында күміс жүлдегерлер.

2023 жыл. Азия чемпиондары.

Соңғы 13 жылда Атырау облысының командасы Қазақстан чемпионатының алтын алқасын ешкімге ұстатқан жоқ.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді Бауыржан Тахауов жолдады

1 тамыз 2023, 14:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.