Атырау, 6 мамыр 22:27
 ашықВ Атырау +9
$ 441.66
€ 475.14
₽ 4.86

«Иіс Квадрат жақтан шығып тұр. Бұл уақытша жағдай»

Сурет Бейнежазба
889 просмотра

Әлеуметтік желідегі өз парақшасында Атырау облысы әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ соңғы күндері облыс орталығындағы жағымсыз иіс неден шығып тұрғанын түсіндіріп, қала тұрғындарынан бұл «уақытша қолайсыздыққа» түсіністік танытуды сұрады.

«Иістің жайылу себебі оң жағалаудағы «Квадрат» булану алаңын тазалау жұмыстарымен байланысты. Көп жылдан бері жиналған кәріз қалдықтары қазып алынып, бөлек жерге шығарылып жатыр. Жел сол жақтан тұрғанда жағымсыз иіс күшейе түседі. Бірақ бұл уақытша жағдай. Ал Квадраттағы бұл жұмыстар аяқталғанда кәріз қалдықтарының мәселесі жүйелі түрде шешілді деуге болады», деп жазады Ж.Бисембиев.

Булану алаңын тазалап, жаңа кәріздік тазарту қондырғысын салу жұмыстары республикалық бюджет есебінен облыс әкімдігінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылып жатыр. Келісімшарт бойынша жобаның құны 19 млрд 475 млн теңге. Мердігер – сол жағалаудағы кәріздік тазарту қондырғысын салған «Павлодарский речной порт» ЖШС.  

Кейін әлеуметтік желіде «Кәріз тазалау құрылғыларын» жаңғырту жобасының жетекшісі Ринат САЙМОВ булану алаңдарындағы жұмыстар туралы айтып, көрсетіп тұрған бейнежазба тарады. Оның айтуынша, бұл жоба 2022 жылдың тамызында басталған. Бүгінде ол жерде екі тұндыру орнының бөгеттеріне топырақ төселіп, жалпы көлемі 1 млн 700 мың текше метрді құрайтын кәріз қалдығының 500 мың текше метрі айдалды.

- Жұмыстың негізгі барысы былай: қуатты сорап топырақ араласқан суды негізгі тұндыру орнынан екінші тұндыру орнына айдайды, ол жерде тұрып тұнған су қамыспен тазаланатын биоплитаға келіп ағады, - дейді Р.Саймов. – Одан кейін су қайтадан булану алаңына келеді. Бұл су айналымы барлық қою қалдық тұндыру алаңына түскенше жалғаса береді. Қазір бұл жерде түбін қопсытатын екі экскаватор-амфибия және сол қою қалдықтарды көтеріп, тұндыру алаңына айдайтын төрт сорап жұмыс жасап тұр.

Р.Саймовтың айтуынша, бұл жұмыстарды 2025 ортасында аяқтау жоспарланған.


Айнұр САПАРОВА

Видео әлеуметтік желіден алынды

 

31 шілде 2023, 11:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.