Атырау, 27 қараша 17:36
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

КТҚ: құны 18 миллиард теңгелік «шегі жоқ хикая»

3 687 просмотра

Өткен аптада қалалық әкімдік Атырау қаласының оң жағалауындағы кәріздік-тазарту құрылғысын (КТҚ) қайта жарақтауға 18 миллиардтан астам теңге бөлінгенін хабарлады. Ал 10 жылдан бері қаланың сол жағалауында КТҚ салынуда. Әр жаңа әкім келген сайын бұл сақалды құрылысқа миллиардтаған теңге жұмсалып, оны тапсыру мерзімі кейінге шегеріле берді. 

КТҚ ҚҰРЫЛЫСЫ РЫСҚАЛИЕВ ТҰСЫНДА БАСТАЛДЫ

Атырауда кәріздік тазарту құрылғысы кешенін салу қажеттілігі туралы сонау 2000 жылдардың басында Атырау облысының әкімі Серікбек ДӘУКЕЕВТІҢ кезінде айтылған еді, қала лас сулар мен жуынды-шайындыларға батқан еді.

Азды-көпті нақты жұмыстар 2010 жылы әкім Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ кезінде қолға алынды. Сол кезде жобалық-сметалық құжаттама жасалып, сол жағалауда КТҚ құрылысы басталды. Жоба операторы «СнабОйлСтрой» ЖШС жұмыс істеген екі жыл ішінде 8 миллиардтан астам теңге алды. 2010 жылы бюджеттен 500 млн теңге, 2011 жылы 6,5 млрд теңге, 2012 жылы 1,2 млрд теңге бөлінді. Құрылысшылардың айтуынша, ол кезде тек КТҚ-ны қалалық кәріз жүйесіне қосып, құрастыру ғана қалған. Алайда, тағдырдың тәлкегімен, Атырау үшін ең ірі әрі ең қажет жоба қудалауға түскен Рысқалиев командасына қарсы сот ісінде негізгі айыптау тармағына айналды. «СнабОйлСтрой» ЖШС-нің директоры, оның орынбасары және бас есепшісі КТҚ-ға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген айыппен айып орындығына отырды.

Нысан құрылысы Рысқалиевтың басқа да кино-концерт залы, монша кешені және т.б. жобалары секілді тоқтатылды.

 

...ІЗМҰХАМБЕТОВ ТҰСЫНДА ДА ТОҚТАП ТҰРДЫ

2012 жылдың тамызында Атырау облысының әкімі болып Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ тағайындалды. Ол артық төленді деген себеппен КТҚ-ға қаражат бөлуді тоқтатады. Алайда, іс жүзінде тергеушілер алдыңғы әкімге айып дайындау үшін жоба құжаттарын қазбалап жатқан еді.

2013 жылы әкімдік КТҚ тарихын таза парақтан бастау туралы шешім қабылдап, техникалық зерттеуге және жобалық-сметалық құжаттаманы түзетуге облыстық бюджеттен 56 миллион теңге бөлінді. Ізмұхамбетов КТҚ-ны салуға белсенді түрде инвестор іздей бастады, алайда нәтиже болмады. Мысалы, испаниялық инвесторлармен келіссөздер жүргізілді, бірақ әкімдіктің ұсынысы оларды қызықтырмады. КТҚ жобасы үш жыл ұмытылып, салынған нысандар қараусыз қалып, талапайға түсті. 

ТАЗА ПАРАҚТАН БАСТАЙМЫЗ

2016 жылы Нұрлан НОҒАЕВ Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Ол жұмысты жалғастырып, Ізмұхамбетов бастаған жобалық-сметалық құжаттаманы түзету жұмысын аяқтайды. Сол жылы мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. 2017 жылы жаңа КТҚ жобасының жұмысы басталады. Жаңа мердігермен - «Павлодар өзен порты» ЖШС-мен келісім жасалады. Жоба сомасы 9,9 млрд теңге болды. Жобаға әкім Ноғаевтың өзі жетекшілік етіп, КТҚ құрылысына жиі барып, тексеріп тұрды. Келісімшарт бойынша  нысандарды тапсыру мерзімі 2019 жылға белгіленді. Алайда бұл мерзім 2020 жылға ауыстырылды. 

АТЫРАУЛЫҚТАР ТҰТҚЫНҒА АЙНАЛДЫ

Атырау тұрғындары КТҚ-ға қатысты шеті жоқ бұл хикаяның тұтқынына айналды. Олардың күкіртсутек иісінен қалада тыныс алу қиындап кетті деген шағымы үкіметке дейін жетеді. ҚР Экология министрлігі алғаш рет бұған органикалық заттардың (кәріз сарқындыларының) және мұнай өнімдерінің қалдықтарының шіру процесі себеп екенін мойындады. Атырау қаласының сол жағалауында белгіленген кестеден едәуір қалыс қалған КТҚ құрылысын елорда бақылауға алды.

2020 жылы нысан бойынша негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, технологиялық жабдықты монтаждау жұмыстары басталды. Сол кезде қала әкімі Қайрат ОРАЗБАЕВ ҚР экология министрі Мағзұм МЫРЗАҒАЛИЕВҚА КТҚ-ны өткен жылдың қыркүйегінде пайдалануға беріледі деп мәлімдеді. Бірнеше айдан кейін әкім құрылымдарды тапсыру 2021 жылдың күзіне қалдырылатынын мәлімдеді. Экология министрі әкім Оразбаевқа аймақтың экологиялық ахуалы мен атыраулықтардың өмір сүру сапасы осы жобаға тікелей байланысты екенін еске салды.

Атыраудың сол жағалауындағы тазарту құрылыстарының тарихын түйіндей келе, билік он жыл ішінде құрылысқа 18 миллиардтан астам теңге жұмсады деп айтуға болады. Қазіргі КТҚ жобасына да шамамен осындай қаражат жұмсалмақ. Бұл соманың қашанға дейін жететінін уақыт пен шенеуніктердің тәбеті көрсетеді.

МИЛЛИОНДАР ҚАЙДА, МИЛЛИАРДТАР ҚАЙДА

КТҚ құрылысы бірқатар қылмыстық хикаямен қатар жүрді. 2016 жылдың күзінде қаскөйлер арнайы техникамен нысан аумағынан қымбат құбырларды ұрламақ болды. Олар күзетшілердің қолына түсті. 

2018 жылы КТҚ қосалқы мердігер фирманың директоры жұмысшыларын жалақысыз қалдырып, 50 миллион теңгемен бірге ғайып болды.

2019 жылы полиция департаментінің көші-қон қызметі КТҚ құрылысында арнайы рұқсатсыз жұмыс істеген Өзбекстанның 26 азаматын ұстады.

Фархат ӘБІЛОВ

22 маусым 2021, 11:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.