Атырау, 27 қараша 18:39
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

​Су тасқынына қарсы жасалатын шаралардан Жылой ауданында мал қырылып қалуы мүмкін

69 просмотра

Жылыой ауданының шаруалары Жем өзеніндегі түп тереңдету жұмысын байланысты аудан әкімі мен ауыл шаруашылық бөліміне наразылық хатын жолдады. Өйткені, төрт түлік мал Жем өзенінен су ішеді, бүгінде тереңдету кезінде сол мүмкіндіктен айрылып қалып отыр.

«Жем өзенінде түп тереңдету жұмысында көңілге қонбайтын  іс-әрекеттер жасалып жатыр. Өзеннен жайылымға шығатын арналары бітеліп, мал сусыз қалып отыр. Тереңдету жұмысында мал суаттары қарастырылмаған. Сол себептен Қызылжар, Молдаханов, Алдоңғар, жаңа Қайқы тұстарынан суат қалдырылуын талап етеміз» дейді 40-қа жуық адам қол қойған шаруалар хатында. 

Осыған орай «АЖ» тілшісі кейбір шаруалармен хабарласқан болатын. 

- Биыл қарғын судан Құлсары халқы үйсіз қалып, зардап шекті, оны жақсы білеміз, жасалып жатқан жұмыстар да дұрыс болар. Бір әттеген-айы, мал суды қайдан ішеді, сол жағы ойластырылмаған. Жем өзені бойындағы шаруа қожалықтары мен жеке шаруалардың төрт түлік малы өзеннен және одан шыққан (жайылма) сайлар мен көлшіктерден су ішетін. Енді түп тереңдетуде 10-12 метр биіктікте бөгет тұрғызылып, өзенге мал түгілі адам бара алмайтын күйде. Тік жар, туға көтерілгендей өрмелеп шығасың, оған мал қалай жетеді. Тереңдетудің салдарынан өзеннің арналары бітеліп, су жайылымға шықпай қалды. Соңғы рет жауған жауын-шашынның қақ суын ішіп жатыр. Ол не болады, күн суытқанда ол қақтар қатып қалады. Қазір далалықта қаталап босып жүрген малды көресің, менің бір үйір жылқым су іздеп сонау Ақтөбе облысынан бір шығыпты, - дейді ашынған Лұқпан ҚОҢЫРОВ.

Шаруалар шлюз немесе көпір тұрғызып, болмаса суаттарды толтыру қарастырылып, бұл тығырықтан шығару керек дейді. Егер де су болмаса қуаңшылық белең алып, мал қырылады. 

- Осындай шикі жобалар неге жасалады, жергілікті мамандар қайда қарап отыр? Біз о баста түп тереңдету жұмысы жүріп жатқанда осы жай туралы айтқанбыз, бірақ ешкім құлаққа ілмеді, - дейді шаруалар күйініп. 

«Жобаны өзгерту мүмкін бе» деген сұрағымызға аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ нақты емес жауап қайтарды: 

- Түп тереңдету жұмысы келесі жылдың қамы. Биылғыдай жай қайталанбау үшін жасалып жатқан жұмыстар. Түп тереңдету жүрсе ары қарай жайылма арқылы Каспий теңізіне құяды деп отырмыз. Шаруалардың жайын түсініп отырмын, жобалаушымен кездесіп, облыс әкімдігімен ақылдасып шешіп, бір хабарын айтамыз, - деді ол

Ал облыстық құрылыс басқармасының бастығы Нұрберген ҚҰСАЙЫНОВ жобаны жасақтау бойынша тапсырысшы табиғат қорғау басқармасы, жобаға өзгеріс енгізу бойынша соларға ұсыныс бергенін айтты. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА   

Бүгін, 16:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.