Атырау, 7 қаңтар 12:49
 ашықВ Атырау -4
$ 527.30
€ 544.86
₽ 4.95

Ұшақ апатының салдарын жоюға қатысушылар мемлекеттік наградалармен марапатталды

311 просмотра
Сурет: ҚР ТЖМ

Маңғыстау облысында Төтенше жағдайлар департаментінің он құтқарушысына Ақтау қаласында орын алған ұшақ апатының салдарын жою кезінде көрсеткен кәсібилігі, батылдығы мен жанқиярлығы үшін мемлекеттік наградалар табыс етілді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі. 

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай операцияға қатысушыларға наградалар табыс етті. Мәселен өрт сөндіру қызметінің және мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің үш өкілі Рахымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды:

  • Байтөре Олжас Серікбайұлы — № 12 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндірушісі-құтқарушысы,
  • Оңғар Серіболат Айтмұханбетұлы — № 12 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі,
  • Сәркенов Мәрлен Бегендікұлы — № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы .

«Ерлігі үшін» медалімен:

  • Аллабергенов Қожабек Сапарұлы — «Апаттар медицинасы орталығы» ММ Маңғыстау облысы бойынша филиалының көлік жүргізушісі-санитары,
  • Бағытов Манас Машрықұлы — Жедел құтқару жасағының құтқарушысы,
  • Естемес Әлішер Нұржанұлы — «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесінің екінші пилоты,
  • Құдабаев Асхат Құдайбергенұлы – «Қазавиақұтқару» АҚ әуе кемесінің командирі
  • Құбайдуллаев Заманбек Мұратұлы —  Апаттар медицинасы орталығы филиалының фельдшері,
  • Оразбеков Оспан Жалғасынұлы —  Апаттар медицинасы орталығы филиалының дәрігері марапатталды.

Апаттар медицинасы орталығы филиалының психологы Есен Жан Байкенқызы «Ерен еңбегі үшін медалімен марапатталды.

Сонымен қатар өрт сөндіру бөлімдері мен медициналық мекемелердің қызметкерлері Қазақстан Республикасы Президентінің алғыс хаттарын алды, олар да адамдарды құтқаруда және қайғылы оқиғаның салдарын жоюда шешуші рөл атқарды.

Марапатталғандардың ішінде 68 адам, оның ішінде ТЖ департаментінің 24 қызметкері және облыстың түрлі салаларының 44 өкілі бар. ТЖ министрі генерал-майор Шыңғыс Әріновтың атынан марапаттарды Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Мұрат Мұханов табыстады.

Бұл марапаттар өз еңбектерімен өңір тұрғындарының қауіпсіздігі мен қорғалуына елеулі үлес қосқан барлық қатысушылардың апатты жоюда көрсеткен жоғары кәсіби біліктілігін, жанқиярлық пен батылдығын мойындау болып табылады.

5 қаңтар, 18:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.