Атырау, 7 қаңтар 12:21
 ашықВ Атырау -1
$ 527.30
€ 544.86
₽ 4.95

​ҰҚК «ескішіл» астыртын күштерді анықтауды өтінген депутат Ермұрат Бапидің сауалына жауап берді​

327 просмотра

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаев «ескішіл» астыртын күштерді анықтауды өтінген депутат Ермұрат Бапидің сауалына жауап берді, деп жазады Ulysmedia.kz.

БАПИ НЕГЕ ДАБЫЛ ҚАҚТЫ

Бұған дейін ҰҚК басшысы мен мәдениет және ақпарат министріне депутаттық сауал жолдаған Ермұрат Бапи әлеуметтік желілер арқылы Дариға Назарбаеваны жер-көкке сыйғызбай мақтаған видео тарағанын мәлім еткен еді. Мұны ол бұрынғы саяси режимнің «артықшылығын» дәріптеуге арналған, қоғамдық санаға сіңірілмек саяси манипуляция деп қабылдау керек деп есептейді. Ол әсіресе қазақ қоғамына іріткі салуға астыртын бағытталған осындай «ескіні аңсау» үрдісі бүгінде саяси сипат ала бастағанын атап өткен. Әлеуметтік желілер арқылы тарап жатқан мұндай манипуляция арқылы «жаңа Қазақстанды» саяси жік-жікке бөлу, өш алу, есе қайтару, «қайтып келу» әрекетінің әлпетін сезіну қиын болмаса керек дейді ол.

– Қаңтар оқиғасына тікелей қатысы бар, қантөгіске себепші болды деп саналатын «теріс діни ағым» иелері ендігі жерде қоғамның саяси санасына «қиқым салуға» белсенді түрде кірісуде. Бұған тағы да сол «успешный успех»-қа жеткен бұрынғылар мұрындық болуда. Қаңтарда мемлекеттік төңкеріс жасауға әрекеттеніп, ақырында елден қашып кеткендер біртіндеп, орала бастады. Енді олар ел ішіне ұлттық мұра мен салт-санаға қарсы идеологияны үйіріп, реваншистік саясатты қоғамға сіңіруге қам жасап жатыр. Мақсат – әзірге онысыз да ала-құла қоғамда әлеуметтік-протестік теңселіс пен наразылық тұрғысында толқулар тудыру. Әлеуметтік желілер мен таралымы миллионға тақау жазылушысы бар танымал интернет ресурстарға қаржылай көмек беру арқылы, оларды өз «бауырларына» басып, ашық платформалар арқылы саяси теңселістер тудыруға ниетті. Маған мұндай инсайдерлік ақпараттың бірнешеуі жетті, – дейді ол.

Осыған байланысты депутат ел-жұртқа жік салу пиғылы бар осындай «ескішіл» астыртын күштерді анықтауды, олар жөнінде қоғамға толыққанды ақпарат беруді ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығынан сұраған.

ҰҚК ЖАУАБЫ

ҰҚК төрағасы Ермек Сағымбаев комитет тарапынан ақпараттық кеңістікке деструктивті ақпарат орналастырумен айналысатын тұлғалардың қызметін анықтау және жолын кесу мақсатында қарқынды және жүйелі жұмыс жүргізіліп жатқанын хабарлайды. Оның дерегінше, 2024 жылдың басынан интернет желісінде деструктивті ақпарат тарату бойынша заңсыз іс әрекеттер жасаған, оның ішінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға шақырған 330 желі пайдаланушы анықталған. Қылмыстық жауапкершілікке 29 тұлға, әкімшілік жауапкершілікке 30 адам тартылған, қалғанына қатысты профилактикалық шаралар ұйымдастырылған.

– Дегенмен интернет желі аясындағы саяси сипаттағы арандатушылық мәлімет таратушылардың басым көпшілігі анонимді болып табылады, сондай-ақ, көбінесе шетелдік платформаларда тіркеледі. Көрсетілген жағдай оларды іздеу мен идентификациялауда белгілі бір қиыншылықтар туғызатынан ескеру қажет. Сіздің сауалыңызда көрсетілген дәйектер назарға алынды және әрі қарайғы жұмыс барысында ескеріледі, – дейді комитет төрағасы жауабында.

Сағымбаев егер келешекте сауалда көрсетілген мән-жайлар бойынша қосымша және нақты дәйекті фактілер болса, хабарласуды сұрайды.

5 қаңтар, 17:32

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.