Атырау, 27 қараша 16:57
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Бізде әлі күнге дейін еңбек шартынсыз жұмысқа алатындар көп»

846 просмотра

Жыл басынан бері еңбек заңнамасының талаптарын бұзғаны үшін жұмыс берушілерге жалпы сомасы 7,7 млн теңге айыппұл салынды. Бұл туралы брифингте Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының м.а. Думан ӘБЕУОВ мәлімдеді.

Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта жергілікті тұрғындардан 1075 шағым түскен. Оның 912-сі қаралып, 583 азаматтың конституциялық құқығы қорғалған.

Тексеру барысында (124 тексеру) 162 заң бұзушылық анықталды. Еңбек инспекторлары 66 ұйғарым шығарып, 57 әкімшілік хаттама толтырды. Д.Әбеуов ірі кәсіпорындарда шетелдік жұмыс күшін тарту фактілері бойынша 8 тексеру жүргізіліп, заң бұзушылықтар анықталмағанын атап өтті.

Жыл басынан бері 16 жұмысшы өндірісте ауыр жарақат алып, тағы үшеуі қаза болған.

- Барлық материал процессуалдық шешім қабылдау үшін құқыққорғау органдарына жолданды, - деді Д.Әбеуов. Оның айтуынша, жалақы, еңбек демалысын төлеу мен жұмыстан шығаруға қатысты арыз-шағымдар көп түсіп жатыр.

Жалпы, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда еңбек инспекциясына түскен шағымдар саны үштен бір есеге артқан. Мұны Д.Әбеуов азаматтардың құқықтық санасының артқандығымен байланыстырады.

– Азаматтардың өз құқықтарын қалай қорғау керектігін білетіні қуантады. Екінші жағынан, жұмыс беруші тарапынан заң бұзушылықтар туралы шағымдардың көбеюі біз үшін белгі. Бізде адамды еңбек шартынсыз жұмысқа алған фактілер көп. Ал бұл негізгі құжат, онда жұмыс кестесі, жалақы мөлшері, демалыс тәртібі және т.б. көрсетіледі. Осыны естен шығармауларыңызды өтінемін, – деп атап өтті Д.Әбеуов.

Айнұр САПАРОВА 

27 шілде 2023, 03:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.