Атырауда облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВТІҢ төрағалығымен жастар ісі жөніндегі кеңес отырысы өтті.
Жиында «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған жұмыстар туралы облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрдәулет ЖҰМАСИТОВ баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл осы бағдарламаға бюджеттен 11,4 млрд теңге бөлінген (жергілікті бюджеттен – 2,2 млрд тг, республикалық бюджеттен – 9,2 млрд тг).
- Бүгінде 584 кәсіпкердің жобасы, соның ішінде 268 жас кәсіпкер қолдау тапты. Осылайша қосымша 536 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр. Сонымен қатар, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер мен кәсіп ашуға ниеттілерді қолдау аясында мемлекеттік грант беру конкурсына 106 млн теңге бөлінді. Оны осы жылдың қыркүйек айында өткізу жоспарланды, - деді Н. Жұмаситов.
Жұмыспен қамту орталықтарына хабарласқан 10 718 жастың 3 478-і жұмысқа орналастырылды. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат МӘМБЕТОВ айтып өтті.
– Бүгінде мемлекет тарапынан ұлттық жоба шеңберінде «Жастар практикасы», «Ұрпақтар келісімшарты», «Алғашқы жұмыс орны» жобалары жүзеге асып келеді. Оның ішінде жоғары және орта кәсіптік оқу орындарын аяқтаған жас түлектер үшін «Жастар практикасы» жобасына 1 481 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланды. Жұмыс тәжірибесі жоқ NEET санатындағы жастарға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасына 271 жас жұмыспен қамтылады. Бүгінде осы жоба аясында 141 адам жұмыс істейді. Халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыссыз адамдарға арналған «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына 23 адамды қамту жоспарланып, қазір үш адам жұмыс істеп жатыр, - деді А.Мәмбетов.
Атыраудағы жастардың денсаулық сақтау орталықтарының қызметі туралы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар АБДАЛИЕВ баяндама жасады.
– Жастарға медициналық-әлеуметтік көмекті төрт аудан орталығының жастар денсаулық кабинеттері және қала бойынша №1,2,3,4,5,7, Геолог емханалары және Дамбы дәрігерлік амбулаториясы жанындағы бастапқы көмек орталықтары жүзеге асырады. 2023 жылдың І жартыжылдығында мамандардың көмегін алған пациенттер саны – 15606. Оның ішінде гинекологқа 2 731, урологқа 1 160, дерматовенерологқа 862, психологқа 2 525, психиатрға 7 713 адам жүгінді, - деді Қ. Абдалиев.
- Кәмелетке толмағандар арасында қылмыс артып келеді. Сондықтан бұрын білім беру басқармасы жанында болған орталықты тәрбие жұмыстары және кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі орталық етіп қайта жасақтауды ұсынамын. Өйткені бала тәрбиесімен тікелей айналысатын орталықтар білім беру басқармасында жоқ, - деп ұсыныс жасады әкімнің орынбасары Ж.БИСЕМБИЕВ.
Бұл ұсынысты облыс әкімі Серік Шәпкенов қолдайтынын айтты:
- Балалар арасындағы буллинг, оларды жәбірлеу мәселелері басқа орталықта қаралу керек. Ең үлкен мәселе – жасынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған баланың ешкімге ашыла алмауы. Іштен тынып, булығып жүреді. Үйіндегі адамдарға айта алмайды, ортада ешкім қорғамайды. Соңы өкінішті жағдайға әкеліп соғады. Сондықтан сауатты мамандар балалар мен жастардың психологиясымен, тәрбиесімен айналысуы керек.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
ӨКҚ жолдаған суреттер