Атырауда «Мегамозг» оқу орталығындағы балалардың алданған ата-аналары алаяқтық дерегі бойынша істің тергеу барысына шағымданды. Тергеу ісі былтыр жыл соңынан бері жүріп жатыр. Осы дерек бойынша ҚР ҚК 190-бабының 3-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық») бойынша іс қозғалды. Айыпталушы бес әйел, сондай-ақ басты күдікті - 29 жастағы Аида Мақсотова болған. Жақында бес әйелге қатысты істің тоқтатылғаны белгілі болды.
Мұнымен зардап шеккен ата-аналар келіспейді. Олар ақша алып, келісімшарт жасасумен айналысқан бұл адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етуде. Ата-аналар олардың бұл іске тікелей қатысы бар деп есептеп, тергеудің біржақтылығына шағымданды.
Бүгінде құқыққорғау органдарына ата-аналардан 156 шағым келіп түскен. Жәбірленушілердің айтуынша, іс жүзінде олардың саны әлдеқайда көп, кейбіреулері тергеудің объективтілігіне сенбейтіндіктен «қолдарын сермеген».
Ата-аналар қосымша білім беру қызметтері үшін 100 мың теңгеден бастап 800 мың теңгеге дейін төлеген, бірақ бұл қызметтер ешқашан көрсетілмеген. Оқу орталығының әкімшілігі төлемді бірнеше ай, тіпті бір жылға алдын ала төлеуді талап еткен. Кейбір балалар орталыққа барып та үлгермеген. Орталық қаңтардың басында жабылып қалды. Сәлден кейін бұл туралы ата-аналарға WhatsApp желісі арқылы өзін директормын деп таныстырған Аида Мақсотовадан хабарлама келеді. Осыдан кейін ата-аналар полиция мен прокуратураға ұжымдық арыз жазған.
Аида Мақсотова биыл ақпан айынан бері тергеу изоляторында отыр.
Былтыр тамыз айында Зәуре Серғазинова бес жасар ұлын мектепке дайындау үшін «Мегамозг» орталығына 380 мың теңге төлеп, ол бар болғаны үш ай ғана барған. Ал бесінші сынып оқушысы екінші ұлына қараша айында -100 мың теңге төлеген.
- Ол екі апта барды, оған ол жер ұнамай, сол жерден кетіп қалды және ол жерде неге ұнамайтынын түсіндіре алмады. Содан кейін орталыққа хабарласып, қалған ақшамды қайтаруды талап еттім. Олар қайтаруға уәде берген еді, бірақ жабылып қалды. Енді бізден төлем алып, келісімшарт жасаған қыздардың жауапқа тартылуын қалаймыз. Тергеушілер мұның бәрін Аида Мақсотованың ұйымдастырғанын айтады, бірақ өз басым оны көрмедім, басқалармен сөйлестім, - дейді З.Серғазинова.
Ал Эльмира Өтемұратованың баласы оқу жылының аяғына дейін – мамыр айына дейін 99 мың теңге төлесе де, орталықтағы сабаққа қатысып үлгермеген.
– 14 желтоқсанда 99 мың теңге төледім. Бұған барлық дәлел бар. Ұлым орталыққа 20 желтоқсаннан бастап баруы керек еді, бірақ 18 желтоқсанда орталықтың ерте демалысқа шығатынын, өйткені мұғалімдерге қатысты шағым көп екенін, олардың құрамына жаңа іріктеу жасалатынын хабарлады. Содан бері ақшамды қайтара алмай жүрмін, – дейді Э.Өтемұратова.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі бәрі прокуратурамен келісілетініне сілтеп, бізге ресми түсініктеме бере алмады. Біз Атырау қаласы прокурорының орынбасары Серік ИЩАНОВҚА қоңырау шалған едік. Бірақ ол телефон арқылы түсініктеме беруден бас тартып, бізді прокуратурада қашан қабылдай алатынын айтпады.
Бұған дейін ол БАҚ беттерінде іс прокуратураға жіберілген бойда мұқият зерделенетінін айтқан болатын.
Айнұр САПАРОВА
AstanaTV-дан алынған сурет