Атырауда өткен жылдың аяғынан бері «Мегамозг» балаларды дамыту мекемесі төңірегіндегі жанжал жалғасуда.
Ондаған ата-ана өздерімен келісім жасалған «Асылай» ЖК басшылығының үстінен полиция мен прокуратураға ұжымдық шағым түсірді. Бүгінде құқық қорғау органдарына 140 ата-ана шағымданған. Оларға келтірілген шығын шамамен 74 миллион теңгені құраған. Қазір аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі («Екі немесе одан да көп адамға қатысты алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Іс бойынша бес әйелге қатысты тергеу жүріп жатыр.
Облыстық әкімдікке де келген алданған ата-аналардың айтуынша, олар әлі көрсетілмеген оқыту қызметі үшін алдын ала төлеген ақшаларын қайтара алмай жүр. Ақша бірден төрт айға, алты айға, тіпті одан да көп уақытқа төленген. Ата-аналар әзірге өздерін тек бос уәдемен «тойдырып келетінін» айтады.
Айтуларынша, олар белгіленген баға анықтамалығын көрмегендіктен, ай сайынғы қызмет құнын нақты білмейді. Алдын ала төлем сомасы 100-ден 200 мыңға дейін және одан да көп. Көбісі оқыту ақысына, сондай-ақ тасымалдау мен тамақтандыруға қатысты жеңілдік берілген ұсынысқа қызығушылық танытқандықтан балаларын осында әкелген.
Ата-аналар орталық қыркүйек айында ашылғанын, бастапқыда өздеріне бәрі ұнағанын айтады. Балаларды ай сайын, соның ішінде желтоқсанда да қабылдаған. Эльвира ІЗБАСАРОВА қызын осында желтоқсан айында әкелген.
– Кеше қалалық полиция басқармасына орталық директорының атына арыз жаздым. Жағдай мынадай. «Мегамозг» орталығына қабылдауға жеңілдік жүріп жатыр деген акцияны естіп, қызымды алып келдім. Маған тасымалдау мен тамақтандыру қызметтерінің бар болғаны да ұнады. 8 желтоқсаннан мамыр айының соңына дейін 103 мың теңге көлемінде алдын ала төлем жасадым. Алдымен 62 мың төледім, сосын 42 мың көлемінде несие алдым, – дейді Е.Ізбасарова. - Бізге 19 желтоқсанда келуге болатынын айтты, бірақ бір күн бұрын олар WhatsApp арқылы парталар мен орындықтарды ауыстырып жатырмыз, сондықтан оқу енді 8 қаңтарда басталады деп хабарлама жіберді. Содан кейін басқа ата-аналардың пікірі бойынша, орталық басшылығының бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғанын білдім. Ал енді ақшамызды қайтарып ала алмаймыз ба деп қорқамын, бұл әрекеттері үшін заң алдында жауап берсін. Естуімше, қалада, аудандарда тағы орталықтар ашып жатыр екен. Егер бұл рас болса, басқа адамдардың да алданып қалмауына жол бермеу керек.
Өзін таныстырғысы келмеген тағы бір ата-ана жағдайын айтып берді: 7 қараша мен 20 маусым аралығында алдын ала төлем – 175 мың теңге төлеген, оған 25 мың теңге жеңілдік ұсынылыпты. Оның 4 жасар ұлы орталыққа үш күн – 9-11 қараша аралығында барған. Бірақ оқыту әдістері көңілінен шықпай, ол бұл қызметтерден бас тартып, ақшасын қайтаруды талап еткен. Бірақ ақыры қайтара алмапты.
– Орталық 14 күн күтіңіз деді, осы уақыттан кейін мен қайтадан алдын ала төлемді қайтаруды талап еттім. Бірақ олар үнемі уәде бергенмен, әлі қайтармай отыр, - дейді ата-ана.
Ал Сәуле ҚАЛИЕВА «Мегамозг»-қа екі немересін беріп, 1 желтоқсанда 180 мың теңге төлеген. Алайда, желтоқсан айының соңында ата-аналар «Аида Мақсотова» есімді әйелден барлық ақшаны қайтару үшін ата-аналардан екі жыл уақыт беруді сұраған видео келген. Бұдан басқа, оларға WhatsApp арқылы хат жолдаған, онда сол Аида Мақсотова өзін «Мегамозг» оқу орталығының негізін қалаушы ретінде таныстырып, содан кейін оларға: «Асылай («Мегамозг» орталығының «Асылай» ЖК директоры - ред.) мен Дильназдың (директордың орынбасары – ред.) жұмысқа және оқу орталығына мүлдем қатысы жоқ, өйткені біреуінен ЖК-ні, екіншісінен Kaspi қосымшасын сұрадым» деп жазыпты.
2020 жылы істі болдым. Жалпы білім беру бизнесіне 20 жасымда келдім, 26 жасқа дейін барлық жұмысты жүргіздім, кейін сонымен қатар балабақша ашуды ұйғардым, бірақ қаржы жағы үйлеспей, банкротқа ұшырадым да мені түрмеге жіберді. Кейін мерзім ұзарту алған соң, Марьям мен Жанна есімдерін жамылып, оқу орталығымның шығынын өтеу үшін осы оқу орталығын аштым. Бірақ мен белгілеген оқу ақысының тым төмен болуына, ал жалақы мен жалдау ақысы жоғары болғандықтан оқу орталығы өзін-өзі жаба алмады. Сондай-ақ, мұғалімдердің жұмысына қатысты шағымдарға байланысты тым көп келісім-шарт бұзылды. Қыркүйек айынан бастап оқу орталығында 19-ға жуық мұғалім 300 мың орташа жалақымен, 16 жүргізуші 360 мың жалақымен жұмыс істеді, оған 1800 000 жалдау ақысын, 1 000 000 тамақтануды қосыңыз. Балалармен ант етемін, алғашқы оқу орталығынан да, қазір де өзіме көк тиын да алған жоқпын. Тіпті соңғы бір айда жалдау ақысы мен қызметкерлерге жалақыны да төлей алмадым. Ақшаны өзім алмағаныма Kaspi қосымшасы дәлел бола алады. Ал енді бүгін 29 желтоқсан, ал 8 қаңтарда оқу орталығы жұмысын жалғастыруы керек еді, бірақ қазіргі жағдайға байланысты бұл мүмкін емес. Сондықтан, маған уақыт берулеріңізді сұраймын, мен жұмыс істеп, екі жыл ішінде жалақымнан ақшаларыңызды қайтарып беремін... Қазір маған ешкім сенбейтінін білемін. Бірақ мен түрмеден де қашпаймын, мен прокуратурада да, полиция басқармасында да болдым. Бірақ әрқайсыңызбен кездесе алмаймын, өйткені қазір қоқан-лоққы көп түсіп жатыр. Бірақ бәріңізге бейнеқоңырау арқылы екі жыл бойы жұмыс істеп, ақшаларыңызды төлеймін деп қолхат бере аламын, тіпті қалалық полиция басқармасына да солай жаза аламын. Мен ешқайда қашпаймын және енді мұндай қателіктерді қайталамаймын. Ертең мені түрмеге жабатын шығар. Бірақ, бір құдайдың өзі көріп тұр, өзім үшін бір тиын да алмағандықтан, сіздерге айтуды жөн көрдім. Менің де үш кішкентай балам бар, оларды жалғыз өзім тәрбиелеп жатырмын, күйеуім жоқ. Менің мақсатым сіздерді алдау емес, кешірім сұраймын және екі жыл уақыт берулеріңізді өтінемін. Мен заңнан қашпаймын, бірақ менің қаржылық сауатсыздығым үшін, ойланбай жасаған әрекетім үшін кешірім сұраймын».
Алайда, ата-ананың көбі оның сөзіне сенбейді және өздерінің орнында басқалардың да болғанын қаламайды. Қазір аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бұл іске бес әйел күдікті деп тергелуде. Олардың бірі Аида Мақсотова қамауға алынды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі оның 2 жыл бұрын үш жылға бас бостандығынан айырылғанын, бірақ жүкті болуына байланысты жазаның 5 жылға шартты түрде кейінге қалдырылғанын түсіндірді.
Екі жыл бұрын «АЖ» Атырау полицейлері ірі сомаға алаяқтық жасады деген күдікпен 26 жастағы Аида Мақсотованы ұстағанын жазған болатын. Ол жекеменшік балабақша мен мектепке дейінгі білім беру орталықтарын ашып, ата-аналардан алты айға немесе бір жылға алдын ала төлем алып, содан кейін «ғайып болған».
Айнұр САПАРОВА
Суретті түсірген автор