Атырау, 27 қараша 16:37
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Мұндай аптап ыстықта стадионда жүру қиын»

Сурет
954 просмотра

«Атырау» футбол командасының 20 шақты белсенді жанкүйері Атырау облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Дастанбек ҚОСПАНОВПЕН кездесіп, бірқатар ұсыныс-талаптарын жеткізді. Жиынға «Атырау» футбол клубы мен «Мұнайшы» стадионының басшылары қатысты.

Жанкүйерлердің ең бірінші талабы - ойын уақытын 18:00-ден 20:00-ге ауыстыру. Себебі күннің ыссылығы жанкүйерлердің келуіне және футболшылардың өздеріне кері әсер етеді. Сонымен қатар, жанкүйерлер стадиондағы дауыс ұлғайтқыш жүйесін жақсартуды, қоқыс жәшіктерін көбейтіп, ойын кезінде стадион маңында саудагерлердің халықты сусынмен қамтамасыз етуіне мүмкіндік жасауын және заманауи талаптарға сай келетін жаңа стадион керектігі мәселелерін көтерді.

Бекжан АХМЕТОВ, «Атырау» футбол командасының жанкүйері:

- Футболға көрермендер билет алып кіргеннен кейін, олардың орындықтары шаң-тозаңнан тазарып тұруы керек. Ойынға келген көрермендердің барлығы орындыққа газет төсеп, ойыннан соң ол газеттер далаға ұшып жатады. Билеттен әр адамнан ақша алып отырған соң неге дұрыс қызмет көрсетпейді? Одан кейінгі мәселе – ойынның кештеу басталғанын қалаймыз. Басқа қалаларда жанкүйерлердің ұсынысына байланысты бұл мәселе шешілген. Бізде прожекторлар сәйкес келмейді деп айтады. Жарықтар тек ойынның соңына қарай жарты сағатқа ғана қосуды қажет етеді. Егер прожектор талапқа сай болмаса, күрделі жөндеу кезінде осы мәселе неге ескерілмеген?  

«Атырау» ФК директоры Эрнис ЕСМАҒАМБЕТОВТЫҢ сөзінше, ойынның уақытын өзгертуді 10 күн бұрын федерацияға ескерту арқылы шешуге болады. Алайда футбол телеарнадан тікелей эфирде көрсетілетін болған соң, оның беретін жарығы телевизиялық стандартқа сай келмейді.  

Ол алаңды жарықтандырып тұрғанмен түсірілімге кері әсер етеді. Осы себепті федерация ойындардың басталу уақытын өзгеруден бас тартуы мүмкін.

Сонымен қатар, клуб директоры биыл 17 қыркүйекте клуб сертификатының жарамдылық мерзімі аяқталатынын мәлімдеді.

– Қайта сертификаттаудан өткізу үшін жөндеу қажет. Себебі 2024 жылдан бастап алаң міндетті түрде жылытылатын болуы шарт, - деді Э.Есмағамбетов.

Өз кезегінде "Жоғары спорт шеберлігі мектебінің» директоры Рүстем ҚИСМЕТОВ, федерацияның талабы жыл сайын өзгеріп жатқанын алға тартты:

– Мысалы, былтыр желтоқсанда стадиондағы 7000 орынды түгелдей жаңартсақ, биылдан бастап стадионда стандартқа сай бетон орындықтар болу керек деген талап шықты.

Ал жаңа стадион салу бойынша: Д.Қоспанов қазіргі кезде «Аламан» базары қасынан 12 мың адамдық стадион салуға орын қарастырылып жатқанын мәлімдеді. Алайда, оның айтуынша, оның құрылысы күрделі, сондықтан жақын арада құрылысы басталып, аяқталады деп айту қиын.

Жиын соңында басқарма басшысы ойын уақытын кешкі 20:00-ге ауыстыру бойынша, Құлсары қаласындағы ТШО салып берген стадионның прожекторларын пайдалануды ұсынды.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

Суреттерді түсірген автор

26 шілде 2023, 15:11

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.