Атырау, 27 қараша 16:39
 қар жаууы ықтималВ Атырау +2
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

«Біз BINOM мектебінен 300 метр жерде тұрамыз: бізді неге қабылдамады?»

Сурет Бейнежазба
1 497 просмотра

Атыраудағы екі BINOM мектебіне өтініш қабылдауға байланысты дүрлігістің ертеңіне Нұрсая ықшамауданының бір топ тұрғыны Сарыарқа ықшамауданындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы БИНОМ мектебінің алдына жиналды. Олар бұл мектепке балаларын қабылдау туралы өтінішті портал арқылы онлайн тапсырып үлгерместен, мектеп әкімшілігіне, облыстық білім беру басқармасына, қалалық білім беру бөліміне толғандырған сауалдар жиналып қалды.

Жиналғандардың айтуынша, олар құжаттарын порталға жүктеген кезде, портал екі минуттың ішінде әрекетсіз болып қалған.

Нұрсая ықшамауданының тұрғыны Гүлзада АТАШЕВА:

– Немерем орыс сыныбына тіркеліп үлгермеген соң, қазақ сыныбына құжат тапсырып, өттік. Бірақ бүгін порталға кіргенде ол жақта орыс тобы ашылған екен. Біз де сол топқа ілігерміз деген үмітпен қайтадан құжат тапсыра бастадық. Бірақ портал тағы да 5 минутта жабылып қалды. Ал бізге орыс сыныптары толып қалды деп жазды.

Ал Райнагүл ӨТЕМІСОВА Нұрсая ықшамауданындағы «Сұңқар» тұрғын үй кешенінде тұрады. Оның айтуынша, BINOM-ға 240 пәтерлік тұрғын үй кешенінен екі қыз ғана өткен. Ол да порталдың кеше екі минут ішінде жабылғанын айтады.

– Біздер, «Сұңқар», «Абырой», «Тұлпар» ТҮК және Күншуақ көшелерінің тұрғындары кеше негізінен орыс сыныбына өтініш бергенбіз, көбі өтпей қалды. Біз шу көтеріп, әкімді шақырып, Астанаға, барлық құзырлы орындарға шыға бастағанда, «сүзгіден өткізеді» дегенді айтты. Бірақ қандай негізде? Жүйе ашық жұмыс істейді десе, бұл жүйе неге уақытша тіркеуді қабылдайды? Ал әкімге қоятын екінші талап – неліктен сату-сатып алу бойынша құжаттар қабылданбайды.

- Геологта немесе Жұлдызда тұрсам да Нұрсаяға тіркелдім деп мақтанып жүрген таныстарымыз көп. Біз бір баламен іліге алмай отырмыз, ал адамдар бір аптаның ішінде басқа біреудің үйіне тіркеліп, үш баласын өткізіп қойды. Олар мұны екі минут ішінде қалай жасап отыр? Неліктен сатып алу-сату шарттарын тексермейді?! –дейді Р. Өтемісова ашуланып.

Оның пікірінше, бұл жағдайда тиісті ашықтық жоқ, өйткені мекенжайларды енгізуде қателіктер жіберілген және бұл үшін ешкім жауапты болғысы келмейді.

– Бұл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы болса, қалалық білім бөлімі мен облыстық басқарма неге оларға бақылау жасамайды? Біз хабарлассақ, неліктен олар бір біріне сілтей бастайды? Олар бізге "БИНОМ-ға хабарласыңыз, біз ол жаққа араласа алмаймыз" дейді. БИНОМ-ға жүгінсек, «қалалық білім бөліміне, облыстық білім басқармасына барыңыз» дейді.

– Жалпы мұны кім шешеді? – деп сұрайды Райнагүл Өтемісова. – «Сұңқар» тұрғын үй кешені «БИНОМ» мектебінен 300 метр жерде орналасқан. Алайда бізді шу шығарып, министрге жүгінгенше тізімге қоспады. Осыдан кейін ғана бізді қосты. Менің сұрағым бар. Сәуір айынан бастап BINOM мектебіне ауысқысы келетіндердің тізімін жинады. Неліктен осы тізім бойынша талдау жүргізіп, балалардың санын шығармаған? Осы тізім бойынша Нұрсаяда кімнің тұрып, кім тұрмайтынын, кімге алыс, кімге жақын екенін түсінуге болатын еді ғой. Олар Нұрсаяда 16 мың адам тұратынын сараптадық дейді. Ал Нұрсаяда үш-ақ мектеп бар! Бірінші сынып оқушылары қайда барып оқиды?

Сәлден соң жиналғандарға қалалық білім беру бөлімінің басшысы Аманбай ХҰСЫНОВ келді:

BINOM тікелей бізге қарасты емес, олардың өз әкімшілігі бар. Біз қаладағы 65 орта мектеп үшін жауап береміз. Иә, бастапқыда біздерге БИНОМ мектептері үшін мекенжайларды анықтап беруді өтінді.  Бірақ бізде онымен айналысатын маман болмағандықтан, картаның көмегімен мекенжайларды шығарып бердік. Үлкен жұмыс болды, бірақ ішінде қателік те жіберілді. Тұрғындардың мекенжайы қате жазылған. Карталарда басқа мекенжайлар орналасқан. Мысалы, тұрғын үй деп жазылған мекенжай кәсіпкерлік мақсатта санаты өзгеріп кеткен. Солардың бәрін қалалық сәулет бөлімі мамандарының көмегімен қайта тексеріп, білім беру басқармасына комиссия құру туралы хат жолдадық. Өзгертулер туралы ұсынысты солар мақұлдайды және қазір бұл қателерді түзетіп жатыр. Ал біз ішкі мәселелерге, мысалы, сыныптарға қатысты араласа алмаймыз. Менің білуімше, екі BINOM мектебіне 500 мұғалім қажет болса, қазір 350-ден астам адам жұмысқа тұруға өтініш білдірген. Орыс сыныптарына 320 мұғалім қажет. Ал қазақ сыныптары үшін қосуға болады, оларға мамандар жеткілікті. Уақытша тіркеу мәселесін де анықтай алмаймыз, бірақ бұл туралы арыз түссе, құзырлы органдарға өтініш жолдаймыз.

Ал BINOM мектебі директорының орынбасары Батыржан ХИСАМИДЕНОВ өтініштердің көп келуіне байланысты порталдың екі минутта жабылғанын мойындады. Оның айтуынша, мекенжайларды білім беру басқармасы бекіткен. Олардың санын азайта ма, көбейте ме, оны солар шешеді. Сондай-ақ ол орыстілді мұғалімдер жеткіліксіз болғандықтан, орыс сыныптарының аз екенін айтты.

– Біз порталда әсіресе бастауыш сынып психологтары мен математиктеріне арналған байқау жарияладық. Қазір олар тапшы, – деді Б.Хисамединов.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор

22 шілде 2023, 22:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.