Бүгін, 20 шілдеде Атырауда BINOM мектептеріне 1-4 сыныптарға құжат тапсырудың бірінші кезеңі аяқталды. Әлеуметтік желіде бұл жағдайға реніш білдіріп жатқандар көп: таңертеңнен бері https://mektep.snation.kz порталын бағумен болса да, санаулы минуттың ішінде құжат тапсыруға үлгермей қалғанына шағымданып жатыр.
Олар құжат қабылдау уақытының көзді ашып-жұмғанша бітіп қалғанына аң-таң. Енді бұған күмән келтіруде. «АЖ»-ға хабарласқандардың бірі де ертемен таңда баласын бірінші орыс сыныбына орналастыру үшін өтінім берейін десе, «сынып толып қалды» деген жауап алғанына шағымданды.
Біз мектеп әкімшілігінен комментарий сұрадық.
BINOM мектептеріне 1-4 сынып оқушыларын қабылдау бүгін таңғы сағат 9-да басталды. Оқушыларды қабылдау онлайн түрде https://mektep.snation.kz порталы арқылы жүрді. Құжаттарды қабылдау күні бір апта бұрын алдын ала хабарланған болатын. Оқушыларды тұрақты мекенжай бойынша қабылдайтыны да айтылды. Атырауда екі BINOM мектебі бар. Бірі Нұрсая ықшамауданында (Әл-Фараби атында) және Сарыарқа ықшамауданында (Дінмұхамед Қонаев атында) орналасқан.
BINOM мектептері бойынша жауапты менеджер Дана ҚОНЫСОВАНЫҢ айтуынша, дәл қазіргі уақытта екі мектеп бойынша әр мектепте 20 бастауыш сыныптан бар. Оның төртеуі – орыс сыныптары, қалғаны – қазақ сыныптары. Ал 3-4-сынып бойынша 18 топта 4 орыс және 14 қазақ сыныбы бар. Қанша орыс сыныбы, қанша қазақ сыныбы болуы керектігін облыстық білім беру басқармасы бекіткен.
- Бүгін екі BINOM мектебінде де орыс сыныптарына құжаттарды қабылдау таңғы сағат 9-дан 3 минут кеткенде аяқталды. Үш-ақ минуттың ішінде сыныптар толып қалды. Ал қазақ сыныптарына құжат қабылдау сағат 9-дан 25 минут кеткенде аяқталды. Атап айтқанда, 1-сыныпқа – 20 минутта, ал 2-сыныпқа 25 минут қалғанда аяқталды, - дейді Д.Қонысова. - Жалпы құжат қабылдау сағат 9.30-да тоқтады. Сарыарқа ықшамауданындағы мектептің жанына біз кеңесші мамандарды отырғыздық. Сонда таңғы сағат 9-дан кейін аяқтай келіп жатқан ата-аналар болды. Біз оларға құжаттар офлайн қабылданбайтынын, тек онлайн қабылдайтынымызды түсіндірдік. Құжатты офлайн қабылдасақ, мектеп алдында қандай қызыл тартыс болатынын өзіңіз білесіз. Ол кезде таныс-тамыр арқылы алып жатыр деп айтар еді. Сондықтан бәрі ашық болсын деп онлайн қабылданды.
Оның айтуынша, әр сыныпта 25 оқушыдан болады. Бүгінде құжаты қабылданғандардың өтініші платформада іріктеледі. Іріктеу кезінде тұрғылықты мекенжайы сәйкес келмейтіндердің орнын босатады. Босаған орындар бойынша ертең, 21 шілдеде таңғы сағат 9-да жаңа өтініштер қабылданады. Одан кейінгі үшінші рет дүйсенбі күні, 24 шілдеде таңертең құжат қабылдау жүреді. Бұл 1-4 сыныптарға қатысты.
2-4 тамызда – 5-9 сыныпқа; 14, 15 тамызда – 10 және 11 сыныптарға оқушыларды қабылдау жүргізіледі.
Тағы бір атап өтетіні, 1-8 сыныптарда қазақ, орыс тілдерінде; 9-11 сыныптарда қазақ тілінде оқытылады.
Жалпы, әр мектепке 4000 баладан қабылданады (160 сыныптан).
- Егер мәселе мекенжай бойынша болса, облыстық білім беру басқармасының бұйрығы бар, сол жаққа жүгінген жөн, - деп атап өтті Дана Қонысова.
Бүгін, 20 шілдеде өңірлік коммуникациялар қызметі ата-аналарды мектеп әкімшілігінен ақпарат күтіп, сабыр сақтауға шақырды: «BINOM мектебінің жалпы білім беру мектептерінен айрымашылығы жоқ, оқушылар білім беру бағдарламасының жалпы стандарттарына сәйкес оқытылады».
Бірақ «сабырлық сақтау» мүмкін болмай жатыр. Мәселен, Нұрсаядағы Елорда 6 «Б» мекенжайындағы үй тұрғындары бас тарту себебін анықтауды ұйғарды, өйткені «Биномда» құжатта Елорда 6 «Б» емес, Елорда 6 мекенжайы көрсетілген. Енді осы шағымдар бойынша тізімді таңертең ертемен түзететін сыңайлы, бірақ уәде бермеді.
Айнұр САПАРОВА