Атырау облысында техногендік апаттарды айтпағанда климаттық өзгерістер жиі болып тұрады. Алысқа бармай-ақ, биыл болған қамыс өрті, шаңды дауыл, қалың қар түсуі, нөсер-жаңбыр мен су тасқынын еске түсіріңіз. «АЖ» облыс әкімі Серік ШАПКЕНОВТЫҢ атына төтенше жағдайға дайындық туралы ресми сауал жолдаған. Оған ТЖД жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасы бастығының м.а. Б.МАСАТОВ қол қойған жауап келді.
Онда «Жергілікті билікте төтенше жағдайларға қарсы шаралар жоспары бар ма? Қандай шаралар мен әдіс-тәсілдер бекітілген? Олардың тиімді-тиімсіздігі тексерілді ме?» деген сұрақтар болды. Б. Масатов «облыс аумағында орын алған төтенше жағдайларды жоюға күштер мен құралдар дайын» деп жауап беріпті. Оның айтуынша, жергілікті бюджетте төтенше жағдайларды жоюға 2023 жылға 3 миллиард 132 миллион 919 мың теңге қарастырылған. Атап айтқанда, төтенше жағдай резервіне – 1 млрд 312 млн 530 мың теңге, шұғыл шығындарға – 1 млрд 807 млн 619 мың теңге. Бекітілген іс-қимылдар жоспары бар. Шұғыл әрекет ету отряд құрылымы жалпы саны 11 техника мен 42 қызметкерді құрайды. Ал жалпы ТЖД мен оның бөлімшелеріндегі штат саны - 852 адам. Бүгінде штатта 784 адам бар, бос орынға қабылдау жұмыстары жүріп жатыр. Құтқарушыларда 141 бірлік техника бар.
2022 жылы жергілікті бюджет есебінен құны 584 млн теңгеге Қызылқоға ауданы Миялы ауылынан өрт сөндіру депосының құрылысы басталды. Жыл аяғына дейін оны қолданысқа беру жоспарланды.
Шалғай елді-мекендерді төтенше жағдайдан қорғау үшін, биыл жергілікті бюджеттен 664 млн теңге бөлініп, Құрманғазы ауданына (Сүйіндік, Бөкейхан ауылдарына) 2 депо, Мақат ауданы Доссор кентіне 1 депо, Қызылқоға ауданы Тасшағыл ауылына 1 депо салу жоспарланып отыр.
«2022 жылға жергілікті бюджет есебінен 7 бірлік тасымалды мотопомпалар және 11 бірлік жеңіл автокөлік (Джек, Кобальт) сатып алынды, - делінген Масатовтың жауабында. - Биыл «Лизинг» бағдарламасы арқылы әртүрлі мақсаттағы 30 бірлік автокөлікті сатып алуға қаражат бөлінді. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен биыл өрт сөндіру бөлімдеріне қажетті техникалар мен жарақтарды сатып алуға 705 млн теңге қаражат бөлініп, 5 бірлік техника (жүк көлігі, екі «Трэкол» жоғары өтімді автокөлігі, екі «JAC Sunray» жылдам әрекет ету автокөлігі) және әртүрлі мақсаттағы басқа техникалар сатып әперу жоспарланып отыр.
Айнұр САПАРОВА