Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің «Kсell» АҚ-ға талап арызы бойынша сот процесі Алматыда жалғасады. Ал әзірге ұялы байланыс операторы тарифтерін тағы да көтеруге дайындалып жатыр.
Еске салсақ, ұялы байланыс операторының тарифтік жоспарды абоненттердің келісімінсіз біржақты өзгертуі олардың (Атырау қаласының тұрғындары) шағымдануына себеп болған (дегенмен оператордың тарифті көтеру құқығы жария шартта белгіленген).
Алғашында атыраулықтардың шағымын «Қара шаңырақ Қазақстан» қоғамдық бірлестігі қабылдаған. Артынша Атырау облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сотқа шағымданып, Kcell-дің әрекетін заңсыз деп тануды, абоненттердің құқығына нұқсан келтіретін шарттарды жария келісімшарттан алып тастауды, қайта есептеулер жүргізіп, ақшаны бүкіл елдегі тұтынушыларға қайтаруды талап етті.
Процесс көктемде Атырау экономикалық сотында басталып, жауапкер оған екі өтініш берген. Бірінші өтініште Kcell заңгерлері талап арызды Алматы қаласының экономикалық сотына, яғни компанияның орталық кеңсесі орналасқан жерге беруді сұрады. Сөйтіп талапкердің қарсылығына қарамастан, бұл өтініш қанағаттандырылды.
Екінші өтініште нақты тұтынушыларды, артық төлемдерді және соған сәйкес есептеулерді көрсетпегендіктен, талап арызды департаментке қайтару керектігі туралы айтылған. Сонымен қатар, жауапкердің пікірінше, талап қоюшының құзыретіне белгісіз тұлғалардың құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгіну кірмейді. Атырауда бұл өтініш, неліктен екені белгісіз, қаралмағандықтан Kcell оны Алматы экономикалық сотына жолдап, ол 1 маусымда істі өз өндірісіне қабылдады. Оның үстіне, жауапкердің қазымыр заңгерлері өздерінің қызметіне көңілі толмайтын үш арызданушының шын мәнінде басқа ұялы байланыс операторының абоненттері екенін анықтаған. Алайда…
– Сәуір айында бізге Атырау облысы тұрғындары қатарындағы абоненттерден тарифтік жоспарды біржақты өзгертуге қатысты тағы бір ұжымдық шағым түсті. Олар осыған байланысты «Кселл» АҚ-на бірнеше рет жазбаша жүгінгенмен, нәтиже болмаған, – дейді Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Әлем УӘЛИЕВ. – Біз ұялы байланыс операторына тағы да сотқа дейінгі талабымызды жолдадық, ол ескерусіз қалды, содан кейін Алматы экономикалық сотына бірінші талап арызда жазылған талаптармен арыз бердік. Енді екі істі біріктіруді сұраймыз.
Ал 17 сәуірде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі өз бұйрығымен байланыс қызметтерін көрсетудің жаңа ережелерін енгізді. Енді отандық операторлар тарифтік жоспардың құнын ғана өзгерте алады, бірақ оның мазмұнын (минут, гигабайт саны) немесе басқа шарттарды өзгертпейді.
Сонымен қатар, Қазақстанда ұялы байланыс қызметтеріне бағаны мемлекеттік реттеуді енгізу жоспарлануда.
Республикалық Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі реттеу саясаты бойынша консультативтік құжат әзірледі. Онда «елімізде операторлар арасында клиент үшін бәсекелестіктің төмендеуі байқалады, бағаның өсуіне, тұтынушыларға қажетсіз қызметті таңуға, сондай-ақ байланыс пен интернет қызметтерінің сапасына шағымдар артты».
Осыған байланысты ұялы байланыс қызметтерінің бағасын мемлекеттік реттеуді осы саланы әлеуметтік маңызы бар нарықтарға жатқызу арқылы енгізу ұсынылады. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы осы жылдың желтоқсан айында Мәжіліске жолданады деп күтілуде.
Ал «Kсell» АҚ тарифтердің кезекті көтерілуі туралы жаппай sms-хабарлама жолдауды жалғастырып келеді. Абоненттер әлеуметтік желіде наразылық білдіріп жатыр.
Лев ГУЗИКОВ