14 шілдеде Атырау қалалық №2 соты ерекше балаларды қинау фактісі бойынша балалар түзеу орталығының қызметкеріне – Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1,2-тармағына («Дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi кәмелетке толмаған екi немесе одан да көп адамға қатысты қинау») сәйкес үкім шығарды.
Үкім – 4 жыл бас бостандығынан айыру. Сондай-ақ одан жәбірленушілердің пайдасына 6 миллион теңге моральдық залал өндірілмек, деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.
Сот айыпталушының міндеттеріне ерекше балаларды әлеуметтік дағдыларға үйрету, мінез-құлықты түзету, әр баланы 45 минут бойы жеке үйрету кіретінін анықтады.
Балалар орталығының арнайы бөлмесінде жеке сабақтар кезінде ол кәмелетке толмаған үш баланы жүйелі түрде ұрып-соғып, зорлық-зомбылық көрсеткен.
Соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотталушының кінәсі жәбірленушілердің заңды өкілдерінің, куәлардың айғақтарымен, сараптама қорытындысымен, бейнежазбалармен және іс бойынша басқа да дәлелдемелермен толық дәлелденген.
Сотталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Ол өз әрекетін ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабының 2-бөлігі («Педагогтың кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін орындамауы, кәмелетке толмағанға қатыгездік танытумен ұштастыру») бойынша неғұрлым жеңіл дәрежеге жатқызуды сұрады. Бірақ сот мұнымен келіспеді. Жаза тағайындау кезінде соттылығының болмауы және кәмелетке толмаған баласының болуы ескерілді.
Айнұр САПАРОВА