Түркияның оппозициялық Республикалық халық партиясының (СНР) жетекшісі және президенттікке үміткер болған Кемал Кылычдароғлу 110 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Басылымның шолушысы Барыш Теркоғлудың мәліметінше, депутаттық мандатынан айырылған Кылычдароғлу таяу күндері тұтқындалуы мүмкін. Іс Анкара прокуратурасына жіберілген.
"Кылычдароғлу 110 жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін. Оған саяси қызметтерге тыйым салынуы мүмкін", - делінген хабарламада.
Кылычдароғлудың адвокаты Джелал Челиктің айтуынша, саясаткерге қарсы 28 іс қозғалған. Көп жағдайда президент Режеп Тайып Ердоған себепкер болған. Сонымен қатар, көптеген сот ісі бойынша саясаткер 4 жылға дейін, ал жалпы алғанда барлық сот ісі бойынша 110 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Кылычдароғлу өзінің жеңілгенін мойындайтынын немесе дауыс беру нәтижелеріне қарсы шығатынын мәлімдеген жоқ. Бірақ ол демократия үшін күресті Түркияда "сөздің шын мағынасында" жүзеге асырылмайынша жалғастыратынына сендірді.
Еске сала кетейік, саясаткер президенттік сайлаудың екінші турында 47,82 пайыз дауыс жинап, Ердоғаннан жеңіліп қалған еді.