Айналма жолдың жалпы ұзындығы - 26 шақырым. Жоба бойынша Жайық және Қараөзек өзендеріне көпір салу жоспарланған. Сонымен қатар, «Атырау-Астрахань», «Атырау-Ақтөбе», «Атырау-Индербор» тасжолдары қиылыстарында жол өткелін салу да қарастырылған. Бұл туралы облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Самат АЙТҚАЛИЕВ мәлім етті.
Солтүстік айналма жолы Атырау қаласындағы қозғалыс ағынын төмендетуге, негізгі жолдардағы кептелісті азайтуға, транзиттік көліктер санын қысқартуға және экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді.
- Бүгінде айналма жолдың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. 12 шақырым жердің бетіндегі өсімдіктер қабаты алынып тасталды. 101 565 текше метр жолдың негізгі қабаты төселді. «Атырау- Астрахань» тасжолының қиылысында «Құбыр» типіндегі өткелдің құрылысы басталды. Қазіргі уақытта 50 қазықтың 12-сі қағылды. Жұмысшыларға арналған вахталық қалашық та салынды, - деді С.Айтқалиев.
Айналма жолдың құрылысы былтыр шілде айында басталды. Бұл жұмыстар 2024 жылдың желтоқсанында аяқталады деп көзделген.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет