Бүгін, 22 маусымда сағат 13.15 шамасында «Дина» базарының маңындағы ғимаратта өрт шықты.
Санаулы минуттарда түтін шығып, ғимараттың шатыры ашық отқа оранды. Тауарларын сақтап қалғысы келген сатушылар беттерін қолдарына түскен шүберекпен жауып, түтіндеген орынжайға қайта-қайта жүгіріп кіріп, өрт сөндірушілерге кедергі келтірді. Олардың кейбірін полицейлер кіре беріс есіктен сүйреп шығаруға мәжбүр болды. Полиция патрульдері жолды жауып тастады, бірақ өртеніп жатқан ғимараттың жанында тұрған фура мен көліктердің тұрғаны жағдайды қиындата түсті. Әрең дегенде ол көліктер өрттен аулақ жерге көшірілді.
...Бет қарыған ыстық, дүрбелең, әйелдердің жылаған дауыстары. Әзірге зардап шеккендердің бар-жоғы белгісіз, оқиға орнында екі жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр.
Өрт сағат 14.22-де өшірілді.
Атырау ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өртті сөндіруге жеке құрамнан 53 адам мен 13 техника жұмылдырылған.
Атырау облысы ТЖД баспасөз хабарламасы:
Бүгін, 22 маусым күні 13:04 сағатта Атырау қаласы Абрахманов көшесінде орналасқан әмбебап дүкендердің бірінен түтін шыққаны бойынша шақырту түсті.
Өрт сөндіру бөлімдері шақырту орнына жеткен кезде әмбебап дүкенінің төбе жабындысы жанып жатқанын анықтады. Салдарынан 800 шаршы метр көлемінде төбе жабындысы өртенген.
Өрт сағат 14:27-де ауыздықталып, 14:45-те толықтай жойылды.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
Өртті сөндіруге Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары, «Семсер – Өрт сөндіруші» ЖШС, «СКЭБР», «Атма Аэропорт» АҚ, «Апаттар медицина орталығы» қызметкерлері барлығы 53 адам, 13 техника жұмылдырылды. Өрт сөндірушілердің біріккен іс-қимылының нәтижесінде өрттің басқа аумақтарға таралуына жол берілмеді.
Құрметті облыс тұрғындары мен қонақтары Атырау облысы Төтенше жағдайлар департменті өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады.
Анастасия ШЕРСТЯНКИНА
Суреттер мен бейнежазбаларды түсірген автор