Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Спорт сарайында қоян-қолтық ұрыстан VII әлем чемпионаты өтті. Турнирге 32 елден 300-ден астам спортшы қатысты. Бас бапкер Хайдар Есенғалиев бастаған Атырау облысының құрамасы екі бөлім бойынша 1 алтын, 4 күміс және 1 қола алқаны жеңіп алды.
Әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақта Аида Хайруллина алтын және қола, Дина Жұмағазиева күміс алқаны еншіледі. Өзін-өзі қорғау санатында ерлер арасында Әлихан Сейітов, Бек Насихатов және Х.Есенғалиев күміс алқаны жеңіп алды.
* * * * *
Батумиде WKF каратэ-додан BATUMI OPEN халықаралық турнирі өтті. Мұнда «Қайсар» спорт клубының шәкірттері 2 алтын, 2 күміс алқа жеңіп алды.
Алтын алқа Әлия Сұлтанова («ересек» жас санаты) мен Яна Павелге (14-15 жас), күміс алқа Абзал Асқарұлы мен Гүлайым Қайратқа (16-17 жас) бұйырды.
* * * * *
Астанада Nomad MMA бойынша ҚР Кубогы өтіп, онда Атырау облысының командасы 4 күміс және 5 қола алқа жеңіп алды.
Ересектер арасында Қуандық Бекназаров пен Қаламғали Сәдуақасов күміс, Нұрсұлтан Теміров қола жүлдегер атанды. Жастар арасында Өркен Төлепов пен Айдос Бикболсынов күміс, Еркін Ерхан, Ермұхан Нұрахмет, Нұрислам Темірұлы және Тимур Жексенғалиев қола жүлдені иеленді.
* * * * *
Бішкекте жастар арасында грек-рим және еркін күрестен Азия чемпионаты өтті. Еркін күресшілер арасында күміс жүлдені атыраулық спортшы Нұрдәулет Сайылбеков (71 келіге дейін) жеңіп алды.
Оңтүстік Корея өкілімен алғашқы жекпе-жегін 10:0 есебімен айқын басымдықпен аяқтаған ол жартылай финалда үндістандық қарсыласын да сенімді жеңгенімен, финалдық белдесуде Иран спортшысынан 2:6 есебімен ұтылды.
* * * * *
Астанада жекпе-жек және спорттық самбодан Азия және Океания чемпионаты өтті. Жарысқа 27 елден 600-ден астам спортшы қатысты.
Атыраулық қатысушылардан жастар арасында Сырым Байғалиев, ұлдар мен қыздар арасында Шынар Бітімбай күміс жүлдегер атанды. Ардагерлер арасында алтын алқаны Марал Көшенов жеңіп алды.
* * * * *
Атырау облысының кикбоксинг құрамасы Будапештте өткен әлем чемпионатында сәтті өнер көрсетті.
Нұрсұлтан Жұмабаев алтын, Жандос Назарбеков қола алқа алды. Бұл туралы бас бапкер Данияр Юсупов Facebook желісінде хабарлады.
* * * * *
Қостанайда қыркүйек айында Түркияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алу үшін 10-11 және 12-13 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер арасында муай-тайдан Қазақстан чемпионаты өтті. «Қайсар» спорт клубының шәкірттерінен құралған «Атырау» командасы 3 алтын, 2 күміс, 5 қола алқа жеңіп алды.
Аделина Гатиятуллина, Кирилл Полфунтиков пен Бағыт Айдын ел чемпионы, Нәби Көркем мен Айтжан Нұрсұлтан күміс, Асқар Аманжан, Давид Абакумов, Гатау Абылай, Абдулазиз Алтаев және Мұрат Дүзелбаев қола жүлдегер атанды.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ