Атырауда құқықбұзушылық профилактикасы және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Күн тәртібінде адам өліміне әкелетін жол-көлік оқиғаларының артуы мәселесі қозғалды.
Бас баяндамашы, полиция департаментінің бастығы Нұрхат ОРАЗБАЕВТЫҢ айтуынша, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жолдардағы өлім көрсеткіші 8,8%-ға өсіп отыр.
- Тек екі күнде, яғни, 16-17 маусым күндері тас жолдарда болған жол-көлік оқиғаларынан 9 адам, оның ішінде кәмелетке толмаған 4 бала қаза тапты. Жол-көлік оқиғалары көбіне жүргізушілердің көлік жылдамдығын шамадан тыс асыруы, қарсы бағытқа шығуы және республикалық маңызы бар тасжолдардың енінің тарлығы салдарынан болып жатады. Республикалық және облыстық маңызы бар барлық автожолдан нормативке сәйкес тәулігіне 3 500 автокөлік өтуі тиіс. Қазір бұл көрсеткіш 9 000 автокөлікке жетіп отыр. Яғни, қозғалыс тығыздығы өте үлкен, - деді Н.Оразбаев.
ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Атырау облысы бойынша басқармасының бастығы Ғалымжан ҚҰСАН ЖКО-ның жартысына жуығы облыс орталығында болатынын атап өтті. Сондай-ақ ол ескірген, тез өшірілетін жол белгілерінің сапасын да сынға алды.
- Бүгін жиында айтылған мәселелер қанша жылдан бері талқыланып келеді. Бірақ бұдан тиісті нәтиже шығарған жоқсыздар, - деді жиынға төрағалық еткен облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ. - Құны бірнеше миллиард теңге тұратын «Сергек» құрылғысын да орнаттық, қаншама патрульдік көлік сатып алып бердік. Жыл сайын Полиция департаменті сұраған қаражатты да бөліп отырмыз. Соның нәтижесі қайда?
Аймақ басшысы Құлсары қаласын бейнебақылау камераларымен толық жабдықтау, бағдаршамдарды көбейту, апат қаупі жоғары аймақтарға жол белгілерін орнатуға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер