«АЖ» прокуратураға жүгінгеннен кейін қадағалау органы тексеруге кірісті.
Еске салсақ, көктемде республикалық маңызы бар сәулет және қала құрылысы ескерткіші мәртебесіне ие Құрманғазы атындағы мәдениет үйінің ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Бұл ретте «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» ҚР Заңын өрескел бұзуға жол берілген. Қарапайым тілмен айтқанда, заң туралы ұмытып кеткен. Осыған қарамастан, біз анықтағандай, жергілікті билік біраз түзету енгізе отырып, бастаған істі аяқтауды көздеп отыр. Дегенмен, мұның бәрі қаламыздағы ең әдемі ғимараттардың бірінің одан әрі тұруына қауіп төндіруі мүмкін.
Осыған орай, «АЖ» Атырау облысының прокуроры Бауыржан ЖҰМАҚАНОВТЫҢ атына біздің жарияланымдарымыздан кейін қандай прокурорлық шара алынғаны, ал, егер еш шара алынбаса, оған не себеп екені туралы ресми сауал жолдады.
Атырау қ. прокуроры Руслан АЙТИМОВТЫҢ қолы қойылған жауап келді. Онда: «Бұл тақырыпқа түсініктеме беру үшін материалдар жинап, тексеру шараларын жүргізу қажет. Қазіргі уақытта қалалық прокуратура «Прокуратура туралы» ҚР Конституциялық заңының 10, 26-баптарына сәйкес, Атырау қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт басқармасына және Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментіне талаптар жолданды.
Нәтижесі туралы кейінірек хабарланады» делінген.
Лев ГУЗИКОВ