Бұл туралы облыс әкімі Серік ШӘПКЕНОВ ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
- Бұл Кешенді жоспар және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында заманауи жаңа типтік жобадағы медициналық нысандар салынады. Қазіргі таңда бес медициналық пункттің құрылысы жүргізіліп жатыр - Жылыой ауданының Қарағай, Қызылқоға ауданының Айдын, Махамбет ауданының Аққайың, Еңбекшіл, Көздіқара ауылдары. Ал облыс орталығында үш подстанциясы бар жедел жәрдем станциясының құрылысын бастау жоспарланған, - деді С.Шәпкенов.
Сонымен қатар, «Теңізшевройл» ЖШС қаражаты есебінен Құлсары қаласында 75 орындық орталық аудандық аурухананың, НКОК компаниясының қаражатына Атырау қаласының Береке ықшамауданында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы жүріп жатыр. Облыстық онкологиялық диспансері үшін 180 төсектік жаңа ғимарат салынады. Қазір жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған сурет