Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 6,7%-ға артып, 1,1 трлн теңгені құрады. Елімізге тартылған инвестицияның 22,5%-ы – өңірімізге тиесілі. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік ШӘПКЕНОВ ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткізген баспасөз брифингінде хабарлады.
Сыртқы инвестиция 474,3 млрд теңге, ішкі инвестиция 665,2 млрд теңгені құрады. Қазіргі таңда бірнеше бағдарлама бойынша бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Оның ішінде, былтыр Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы және Кәсіпкерлікті қолдау картасы шеңберінде жалпы сомасы 815,2 млрд теңге болатын үш жоба іске қосылды. Осылайша бас-аяғы 748 адам жұмыспен қамтылды. Ал 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба бойынша биыл бюджеттен 9,4 млрд теңге қаражат бөлінді.
- 2023 жылы Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 14,9 млрд теңге болатын 3 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Осылайша бас-аяғы 207 жұмыс орны ашылмақ. Солардың бірі — құны 9,9 млрд теңгені құрайтын құс фабрикасы. Мұнда құс етінен жартылай фабрикаттар дайындалмақ. Кәсіпорын жылына 5 мың тоннаға дейін өнім өндіруге қауқарлы, - деді С.Шәпкенов.
Ең ауқымды инвестициялық жобалар - «Теңiзшевройл» ЖШС-нің Келешек кеңею/Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасы, газ өңдеу зауыты, бутадиенді каучуктар өндіретін зауыт, тоқыма геосинтетика өндіретін цех.
- Аймақта мұнай-химия кластерін құру маңызды. Осы бағыттағы маңызды қадам – былтыр Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Қазақстандағы алғашқы біріктірілген Газ-химия кешенінің іске қосылуы. Теңіз кен орнында өндірілетін шикізатты өңдеуге бағытталған кәсіпорын жылына 500 мың тонна полипропилен шығара алады. Өндіріс ошағы еліміздің полипропиленге деген сұранысын өтеп қана қоймай, құрылыс, медицина, автомобиль құрастыру, тамақ өнеркәсібі секілді салаларда шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етеді. Бүгінде полипропилен өндірісінде 632 адам және мердігер компанияларда бір мыңға жуық адам жұмыс істейді. Газ-химия кешені құрылысының екінші кезеңін жүзеге асыру жоспарланған. Нақтырақ айтқанда, полиэтилен және бутадиен өндірісін қолға алу көзделіп отыр. Құрылыс кезінде 8 мыңнан астам, ал жоба іске қосылған сәтте 800 адам жұмыспен қамтылмақ, - деді С.Шәпкенов.
Дайындаған Ләззат ҚАРАЖАНОВА
ӨКҚ жолдаған суреттер