Құлсары қаласында аз қамтылған және көп балалы отбасыларға арналған үш 100 пәтерлік үйдің құрылысы аяқталғандай болған, бірақ тапсырыс беруші Жылыой ауданының әкімдігі оларды қабылдаудан бас тартып отыр, оның себептері де бар. Ал, кезекте тұрғандар қоныс тойын аңсап жүр. Бірақ мұның қашан болары белгісіз.
- Балаларымызды шұбыртып, пәтер жалдап жүрміз. Көп балалы отбасыға үй иелері жалдауға құлықты емес. Аудан әкімі Жұмабек ҚАРАЖАНОВ келгенде сөнген үмітімізді жаққандай болып еді. Бірақ ештеңе өзгермеді, - дейді кезектегілер.
Құрылыс 2019 жылдан бері жүргізіліп жатып, мердігер «Каспийская Кадровая Ассоциация» ЖШС. Мердігер компаниямен бірнеше рет байланыс жасап, себебін білгіміз келгенімен, олармен сөйлесу мүмкін болмады. Өз кезегінде аудандық құрылыс бөлімі жұмыстың сапасыз жасалғаны, оларға бірнеше рет ескерту берілгені жөнінде фото, видеоайғақтар жолдады.
- «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 2019 жылы 5 қатарлы 100 пәтерлік үш үйдің құрылысы басталды. Жалпы құны 8 млрд 354 млн теңге, - дейді аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Қазбек АҒЫРАЕВ.
- Бүгінде үйді қабылдап алуға не кедергі болып отыр?
- 5-қабатқа су жеткізу үшін 50 текше метрлік 4 резервуар салыну керек еді. Міне, соны мердігер дұрыс атқара алмай отыр. Дұрыс орнатпағаннан кірпіштер қозғалып, адам өміріне қауіпті күйде тұр. Төбе шатырының стропильдік ағаштары жарылған. Осы секілді кемшіліктерге бола біз үйлерді қабылдаудан бас тартып отырмыз.
- Мердігерді сотқа бердіңіздер ме?
- Иә, осы жылдың 28 ақпанында Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына «Каспийская Кадровая Ассоциация» ЖШС-ін жосықсыз мердігер деп тану туралы талап-арыз бердік. Бірақ сот қанағаттандырмады, ал мердігерден біздің пайдамызға 31 млн 623 мың теңге тұрақсыздық айыбын өндіріп берді. Бұл шешімге апелляциялық шағым түсірдік, қазір ол қаралып жатыр. Біздің мақсатымыз - сотта жеңіске жеткен жағдайда құрылыс жұмыстарын басқа мердігер аяқтау үшін тендер ұйымдастыру. Жыл соңына дейін үш үй де пайдалануға дайын болады деп үміттенеміз.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суреттерді түсірген автор