Атырау, 27 қараша 22:30
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +1
$ 498.55
€ 524.28
₽ 4.75

Көгалдандыру: Әкімдік НКОК-ты мақтап, ТШО-ны асықтырды

1 376 просмотра

Облыс әкімдігінде өткен жиында ірі жер қойнауын пайдаланушылардың қоршаған ортаға келтірген зиянды өтеу туралы меморандумның орындалуы талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Жасұлан БИСЕМБИЕВ ескерту жасады.

- Меморандум 2021 жылы ТШО, «НКОК», «Ембімұнайгаз» АҚ, «АМӨЗ» ЖШС арасында жасалды. Атап айтқанда, ТШО  Атырау өңірінің 1722 гектар жерін жасыл желекпен қамту керек болатын. Компания өкілінің айтуынша, зерттеу жұмыстарының салдарынан тек 647 гектар жер жарамды болып шыққан. Осы аумаққа көшет отырғызамыз деп жоспарлаған. Алайда айтылған уәде орындалмады, - деді Ж.Бисембиев. - 2022 жылы Жылыой ауданына 15 мың гектарға 9 мың дана ағаш көшеті отырғызылған. Орындалғаны 2,3 пайызды құрап отыр. Келісілген меморандумға сәйкес атаулы компания міндетін дұрыс атқармай отыр.

«НКОК» компаниясы алты жыл бойына жоспарланған 308 гектар жердің күні бүгінге дейін 186 гектар жеріне ағаш көшеттерін отырғызыпты. Бүгінде жұмыстарын 60,3 пайыз орындап отыр. «Ембімұнайгаз» АҚ Қайыршақты округіндегі 243,2 жер учаскесіне зерттеу жұмыстарын жүргізіп, 71,3 гектар жер аумағы көгалдандыруға жарамды екені анықталған. Су құбырлары тартылып, қоршау жұмыстары толықтай жүргізілген, 8950 дана ағаш көшеті отырғызылған. «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС Сасықсай булану алаңының алқабына 2021 жылы бес гектар жерге 2500 тал ағаш отырғызыпты.

Жиын соңында Ж.Бисембиев меморандум аясында атқарған «Ембімұнайгаз» АҚ мен «НКОК» компаниясының жұмысына оң баға беріп, «АМӨЗ» ЖШС мен «ТШО» компаниясының жұмысы өте баяу жүріп жатқанына сын айтты.

- Алдағы күндері ТШО басшылығымен кездесіп, сөйлесеміз. Меморандумның ешқандай міндеттемесі жоқ деп қарауға болмайды. Жұмыстарыңызды пысықтау сұралады, - деді Ж.Бисембиев.

Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

16 маусым 2023, 18:34

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.