Жуырда Атыраудағы Жайық жағалауына және орталық алаңда «Сізді қатты жаралаған, сіз ұмыта алмайтын сөздер» деген қызық жазуы бар жәшіктер пайда болды.
Қаламыздағы идеяның авторы, жас психолог Гаухар ИСАБЕКОВАНЫҢ айтуынша, бұл жәшіктерге кез келген адам өзінің өкпе-ренішін, қатты әсер еткен оқиғаларын, осы кезге дейін ұмыта алмай келген қиындықты қағазға жазып, салып жібереді. Әрине, хаттың авторы белгісіз болып қалады.
- Мұндай «реніш жәшіктері» ең бірінші Алматы, Бішкек, Мәскеу сияқты үлкен қалаларда ұйымдастырылып, Тик-ток желісі арқылы кеңінен таралып кетті. Осыдан кейін маған да «Атырауда неге осылай жасамасқа?» деген ой келді, - дейді Г. Исабекова. – Басты мақсат – адамдардың іштеріндегі ренішін шығарып, біржола ұмыттыру.
Оның айтуынша, бүгінге дейін 80-ге жуық хат түскен. Көбіне жасөспірімдер мен жастар белсенділік танытады.
- Кейбірі сүйіктісінен естіген ауыр сөздерді ұмыта алмай жүрсе, енді бірі мектепте буллинг көргендерін жазған. Хат жазғандардың бірін анасының «Сені бекер тудым!» - деген сөзі қатты тиген, - дейді Гаухар. – Пайдаланушылар жылы сөздерін жазсыншы, жұбатсыншы деген оймен, мұның бәрін әлеуметтік желіге жүктедік.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жоба жалғасын табады. Өйткені атыраулық жастар тарапынан қызығушылық артып тұр.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет пен бейнежазбаны ұйымдастырушылар жолдады