26 жастағы атыраулық ақын Рахымжан ОРЫНБАСАРОВҚА үш жыл бұрын дәрігерлер «Ходжкин ауруы» деген онкологиялық диагноз қойған. Өзінің ерік-жігері мен дәрігерлердің дер кезінде көрсеткен көмегенің арқасында жақында ол 3-сатыға жеткен аты жаман ауруынан сауығып шықты.
Рахымжан Орынбасаров Қазіргі заманғы Каспий маңы колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс оқиды, өлең де жазады. Республикалық, аймақтық мүшәйралардың жүлдегері ретінде де көпшілікке таныс.
– 2020 жылы қатерлі ісік анықталды. Қан сараптамасын тапсырмастан екі ай бұрын денемнің әр бөлігінде бездер пайда болды. Алайда оған аса мән бермедім. Денемдегі ауырсынуды сезгеннен кейін ғана анализ тапсыруды жөн көрдім. Қан сараптамасының нәтижесі қуантпады, «Ходжкин ауруы» деген диагноз қойды, бұл лимфа жүйесінің қатерлі ісігі. Астана қаласында химия терапиясы курсынан өттім, содан кейін анализ аурудан таза деп шығарды. Дәрігерлер емді әрі қарай жалғастыруға кеңес берді, бірақ жұмысым мен шығармашылығымда оң өзгерістер болып, өзім де сауығып кеткендей болдым. Сөйтіп, ауылға қайттым, - дейді Рахымжан. - Жоспар бойынша 6 ай сайын тексеруден өтуім керек. Жарты жылдан кейін арнайы аппаратқа түстім. Сол кезде рак клеткаларының қайта оянғаны анықталды. Мұны ести салысыммен бірден Ташкент қаласына ұштым. Өйткені ол жақта онкология бойынша жақсы емдейді деп естідім. Сол жерден 12 химиотерапия курсын алдым. Химия алу маған өте ауыр болды. Бірақ мен барлық мүмкіндікті пайдалануға бел будым. Өйткені өмір сүргім келді...
Өзбекстанда болғандықтан шетелдіктерге көрсетілетін қызмет құны қымбат болды. Өте қомақты қаржы еді. Сондықтан сбор ашып, халықтың көмегіне жүгінуге тура келді. Қазақстанның түкпір-түкпірінде тұратын халық көмегін аямады. Нәтижесінде 10 миллион тенге қаражат жиналды. Сол халықтың ақшасы менің аурудан айығып шығуыма үлкен мотивация болды. Өз өзіме «Қалай да айығып шығуым керек» деген талап қойдым. Өйткені артымда халықтың үлкен сенімі тұрды. Осы сенім мен олардың әрқайсысының дұғасы мені аяққа тұрғызды. Жазылып шығатыныма шын сендім және солай болды.
...Анализ көрсеткіштері жақсы нәтиже көрсетіп, қатерлі ісік денесінен жойылған. Бүгінде ол колледждегі қызметіне қайта оралып, толыққанды өмірін жалғастырды.
Сондай-ақ ол аурудың пайда болу себептерінің бірі фастфуд пен энергетикалық сусындарға тәуелділік деп санайды.
- Студент кезімнен энергетикалық сусындарға әуес болдым. Жұмыс кезінде жиындарға, жобаларға дайындалу үшін күні-түні ұйықтамай, тек энергетикалық сусынмен жүрген кездер болды. Одан қалса фаст-фудқа да әбден үйреніп алдым, одан бөлек дұрыс тамақтанбау да бар. Жастарға бұлардың қаншалықты денеге зиян екенін пост қылып әлеуметтік желіге де шығардым. Қазір оларды табиғи тағамдарға, қаймақ, шұбат, саумалға ауыстырдым, - дейді Рахымжан сөзін түйіндеп.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Рақымжан Орынбасаровтың жеке мұрағатынан алынған суреттер