ZHASALASH.KZ. «Соғыс басталса, ең алдымен жапондар сорлайды»- Солтүстiк Кореяның “Нодон синмун” газетiнiң жазуынша, алда-жалда соғыс бастала қалса, солтүстiк кореялық әскер ең алдымен Жапонияның iрi-iрi қалаларын бомбалайды.
«Президент билiгi әлсiреген сайын үшiншi күштердiң ойыны қарқын алады» - “Президент денсаулығының сыр бергенi” жөнiндегi әңгiме лезде әлемдiк ақпарат кеңiстiгiн шарлап кеттi. Әуелде бұл ақпаратты таратқан “Республика” порталы қуықалды безi рагына шалдыққан президенттiң Израильде ота жасатып келгенiн, ендi асып кетсе жарты жыл-бiр жылдық өмiрi қалғанын айқайлатып жария еткен.
«Қазақтың жерi тозып барады» - Қазақстанда айналымға енгiзiлген ауыл шаруашылығы алқаптарын түгендеу барысында бiрнеше мәселенiң бетi ашылды. Мәселен, егiстiк жерлердiң қараусыз қалып, тозығы жеткенi анықталды. Әсiресе, Қызылорда облысында дәл осы мәселе күйiп тұр. Бұл туралы сейсенбi күнi өткен үкiмет отырысында Өңiрлiк даму министрiнiң бiрiншi орынбасары Қайырбек Көшкенбаев мәлiм еттi.
EGEMEN.KZ. «Дүдәмал дәулеттің арты қайырсыз» - Өткен аптаның ең басты экономикалық жаңалығы жаһандық ауқымдағы оффшор мәселесі болды. 3 сәуірде Халықаралық журналист-зерттеушілердің консорциумы (ICIJ) оффшорлық аймақтарда есеп-шоттары бар саясаткерлердің, шенеуніктердің және басқа белгілі тұлғалардың тізімін жариялайтындығы туралы хабар таратты.
«Өз жерімізді ғарыштан өзіміз бақылайтын боламыз» - Қазақстан өзінің ұлан-ғайыр даласын, бүкіл территориясын ғарыштан өз жерсерігімен бақылайтын күнге де жетті. Бұл жобаны жүзеге асыру ісі 2006 жылы басталған-ды. Бұйыртса, 2014 жылы толық жүзеге асырылып болуы тиіс. Сонымен, Алаш баласы алақайлап қуанар күн жылдың төртінші тоқсанында келмек.
JASQAZAQ.KZ. «Қазақ өнерінен ештеңені аямау керек» - Әшірбек СЫҒАЙ, сыншы: "Жетпейтін нәрсе көп. Зиялы қауымның көңіл-күйі әлі орнықпаған. Мәдени, рухани жаңалықтарға дүр етіп көтеріле қоймайды. Көрермені сирек отырған жартылай залдарды көріп, қарным ашады. Басқасы-басқа, Астанадан қазақ тіліндегі газет-журнал табу да бір қиямет-қайым. Арнайы кітапханаға барып оқысаң оқыдың, оқымасаң жоқ. Үйіңе жаздырып алғаныңның өзі кешігіп келеді. Бұл не деген сөз? Астанада кез келген жерде газет-журнал сататын дүңгіршектер тұру керек. Бас қаланың осы сияқты бір кемшілік, олқы тұстары бар екен. Мұнда Алматыдағы атмосфераны орнату үшін әлі көп күресуіміз керек".
JANAOZEN.NET. «Әлеуметтік саясатқа қарсы 2 митинг өтеді» - Бұл митингке өзінің баратынын мәлімдеген экономист, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан ұлт тағдырының болашағына үшін келетінін айтты. «Халықтың әлеуметтік жағдайы өте нашар. Ұлтшылдар тек тіл, діл туралы ғана айтпауы керек, әлеуметтік жағдайдың мәселесін де біз белсенді түрде айтуымыз керек. Әлеуметтік жағдай дұрысталмаса, ұлтымыздың болашағы өте күмәнді, бұлыңғыр. Сол себептен де мен бұл митингке міндетті түрде барамын. Әйелдердің жағдайы, жұмыссыздық, бағалардың өсуі халқымызға өте ауыр әсер етеді. Сондықтан, бұл біздің өміріміз ғой, біз тағдырымызды өз қолымызға алуымыз керек!», – дейді ол.
«Желтоқсандықтар Кеден Одағынан шығуды талап етті» - Желтоқсандықтың айтуынша, «Кеден одағын ақтап алу үшін, Қытайды жау етіп, Ресейді қорған ретінде көрсету бар» дейді. «Сонымен қатар, Википедияның өзінде Кеден одаққа саяси одақ ретінде сипаттама беріліп, посткеңестік елдердің Кеден одағына мүше болатыны туралы мәлімдемесі нағыз арандату болып табылады», дейді қозғалыс төрағасы.
SERKE.ORG. «Лондон соты Әбілязов пен оның сыбайластарын «алаяқтар» деді. Неге?» - Лондонның Жоғары соты Әбілязов пен оның сыбайластарын алаяқтар деп таныды. Ал, "Әбілязов банктегі ақшаны жымқырып кетті" деп арызданған БТА банктің талабын Лондон соты әділетті деп танып, оны толығымен қанағаттандырды. Қазақстанға экстрадиция жасалудан қауіптеніп, өзіне қарсы қозғалаған істің саяси астары бар екенін мәлімдеген Әбілязовтың уәжін судья Тир қабылдамай тастады.
AZATTYQ.ORG. «Bloomberg: Өтемұратов мемлекеттік банктерді сатып алмақ» - 55 жастағы Болат Өтемұратов жалпы актив құны 80 миллиард теңгеге жеткен Forte Bank пен Kassa Nova Bank-ті басқарады. Оған тиесілі «Верный Инвестмент» холдингі 4 миллиард доллар активке ие. Ол Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Австрияда мұнай мен газдан бастап телекоммуникацияға дейінгі салаларда бизнес жасайды. Осы жылдың ақпанында холдинг төрағасы Тимур Исатаев «Компания «Альянс» пен «Темірбанкті» біріктіру туралы жоспардың анық-қанығын білгісі келеді. Маңызды қадам жасамас бұрын бұл банктер үшін бәсекеге қолайлы басымдықтардың сақталғанына көз жеткізуге тиіспіз» деген еді.
AIKYN.KZ. «Шетелдегі қашқындар» - Жалпы, ағылшын соты әлемдегі ең әділетті, ешқандай ақшаға сатылмайтын сот болып есептеледі екен. Әлемнің түкпір-түкпіріндегілер басқа соттардан әділ шешім күтіп, үміті үзілер кезде осы мәртебелі сотқа келіп жүгінеді. Ақты ақ, қараны қара деп айқындап, тиісті шешімін шығарып беретін Лондон соты біздің елден шыққан алаяқты да тыпыр етпейтіндей етіп матап берді. Мәртебелі сот оны нағыз алаяқ деп тауып, 5,5 жылға бас бостандығынан айыратын және банк есебіне 2 миллиард АҚШ долларын қайтаратын шешім шығарды.
ALASHAINASY.KZ. «Мигранттарды маңдайдан сипаудан ұтарымыз қайсы?» - Атақты Гэллап қоғамдық пікір институты ТМД елдері бойынша мигранттардың «көңіл күйін», «қара жұмыс істеуге» деген талпынысын тексеруге аса қызығушылық танытыпты. Осылайша институттың арнайы мамандары 12 мемлекеттегі 41 мың мигранттың пікірін, ойын талқыға салып, мигрант үшін қай мемлекеттердің қонақжай екенін сараптап көрді. Бұл сараптау біздің назарымыздан да тыс қалмады. Сондықтан мигранттар жайлы біраз мәселені тарқатуды жөн көрдік.