Лесхоз ықшамауданындағы жаңа «Көктем» тұрғын үй кешені 31 мамырға дейін бұзылуға тиіс, бұл мерзімге дейін тұрғындар пәтерін босатуы керек. Бұл бірінші сатыдағы соттың былтыр желтоқсан айында шығарған шешімі. Ал қаңтар айының соңында апелляциялық сот бұл шешімді күшінде қалдырды.
Өткен жылдың қараша айында «Көктем» ТК тұрғындары құрылысына үлестік қатысу арқылы салынған үйлерін бұзуға қарсы митингке шықты. Олар әрбір отбасының адал жолмен салынған қомақты қаржысынан неге айырылу керектігін түсінбей дал. Енді тұрғындар полицияның бақылауымен қайтадан митингке шықты. Олар облыс әкімінен дауға араласып, құрылыс салушыға рұқсат құжатттарды ретке келтіруге мүмкіндік беруін сұрайды.
Бұл туралы «АЖ» бірнеше рет жазды. Еске салсақ, бұл дауға құрылыстың Атырау қаласының Бас жоспарына сәйкес келмеуі себеп болып отыр.
2022 жылдың тамыз айында Атырау облысының экономикалық соты бұл үйдің рұқсатсыз салынғанына, құрылыс салушыда келісілген эскиздік жобаның болмауына, сараптамадан өткен жұмыс жобасының болмауына , құрылыстың басталғаны туралы хабарланбағанына байланысты үйді бұзу туралы қаулы шығарды.
«АЖ» тілшісіне Айсұлу ОҢҒАРАЛИЕВА (суретте) бұл үйде 25 пәтер бар екенін, қазір 15 отбасы тұратынын айтты. Оның айтуынша, ол пәтерді құрылыс аяқталғаннан кейін 2021 жылдың желтоқсанында сатып алған.
- Біз осы жерден пәтерді өзіміздің маңдай термен тапқан ақшамызға алдық, жаңа баспана іздеген кезде құрылыс салушылардың көбі аяқталмаған үйлерді ұсынды. Ал мұнда бәрі салынып біткен, сапасы да көңілден шықты. Тұрып жатқанымызға бір жылдан асты, газ, су, жылу бар. Біз бәріміз тағы бірнеше миллионға жөндеу жұмыстарын жасадық, енді бізді шығарып жібергісі келеді. Біз сонда қайда барамыз? Біз ескі пәтерлерімізді сатып, сол ақшаға осы пәтерлерді алдық. Мен қазір Привокзальныйдан бір бөлмелі пәтер де сатып ала алмаймын, бәрі қымбат. Енді не істейміз? Неге бізге осылай жасап отыр? Адамдарға зиян тигізбейтін жолдарды неге қарастырмасқа? – деп ренішін білдірді А.Оңғаралиева.
Оны басқа тұрғындар да қолдады. Мұнда көп балалы отбасылар мен зейнеткерлер, мүгедектер, жалғыз басты аналар тұрып жатқанын, кейбірі несие алғандарын айтады. Олар «АЖ» тілшісіне пәтерлерін, атап айтқанда, жөндеу жұмыстарын және жалпы жақсы қоныстанған үй-ішін көрсетті.
Наразылық білдірушілердің қасында сотта олардың мүддесін «Суханов» ЖК өкілі ретінде қорғаған адвокат Руслан ТҰЯҚБАЕВ (суретте) та болды. «Суханов» ЖК - «Көктем» ТК жер телімінің иесі. Айтпақшы, тұрғын үй кешенін «Bplus» ЖШС салған.
Р.Тұяқбаевтың айтуынша, 2015 жылы бұл учаскеде көппәтерлі үй салуға қалалық сәулет бөлімінен рұқсат алынып, эскиздік жобасы келісілген.
– Бірақ 2016 жылы Атырау қаласының жаңа Бас жоспарына Лесхоз шағын ауданында көпқабатты емес, шағын пәтерлі үйлерді салу енгізілген. Бұл кімнің қателігі екенін білмейміз, қалалық сәулет бөлімі шығар, өйткені Бас жоспарға өзгертулерді олар ұсынуы керек. Бұл жөнінде қалалық әкімдікке арыз жазғанбыз. Бізге бұл құрылыстың кезінде енгізілмегенін және бұл нысанға қатысты Бас жоспарға өзгертулер енгізу керектігі туралы үкіметке ұсыныс жолдайтынын айтты. Бірақ әзірге ештеңе жоқ, - дейді Р.Тұяқбаев.
Сондай-ақ, құрылыс салушы енді бұл нысанды Бас жоспарға енгізу және онда құрылыстың нысаналы мақсатын «көп пәтерлі үйлер» деп көрсетуді талап етіп, қала әкімін сотқа бермекші.
Бұл жиынға Атырау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бас маманы Әсет СЕМБАЕВ (суретте оң жақта) та келіп, бұған дейін басшысы Ерлан ҚАБДЕНОВТЫҢ айтқан комментарийін қайталады:
- Көрші тұратын тұрғынның өтініші негізінде Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша жеке кәсіпкер «Суханова» жауапкершілікке тартылды. Оған құрылысты тоқтата тұру туралы ұйғарым беріліп, барлық қажетті құжаттарды алу үшін мерзім берілді. Құрылыс салушы бұл талапты елемей, заңнаманы бұза отырып, құрылысты жалғастырды.
Ә.Сембаевтың айтуынша, 2021 жылғы тексеру кезінде тұрғын үй кешені ол кезде салынып бітпеген. Сондай-ақ ол 2015 жылы келісілген эскиздік жобаның құрылыс салуға құқық бермейтінін айтты.
- Құрылыс салушының өкілі бүгіп қалып отыр. Ол құрылысқа рұқсат болды дейді, бірақ бір эскиздік жоба мұндай құқық бермейді. Эскиздік жобамен екі қабатты тұрғын үй ғана салынады. Әзірге құрылыс салушыда цоколдық қабаты бар 4 қабатты тұрғын үй кешенінің сәулет-жоспарлау тапсырмасы ғана бар. Бірақ мұның цоколды қабаты бар 5 қабатты ғимарат екенін көріп тұрсыздар, бұл құжаттарға сәйкес келмейді. Ең бастысы, оларда құрылыс жобасына сараптама қорытындысы мен құрылыстың басталғаны туралы хабарлама жоқ. Сонымен қатар, мақұлдату үшін мақсаттық қолданылуы қаланың Бас жоспарына сәйкес болуы керек. Бас жоспар бойынша бұл жерде 3 қабаттан жоғары ғимарат салуға болмайды. Тұрғындар Бас жоспарға өзгерту енгізуді сұрап отыр, бірақ бұл мәселе үкімет деңгейінде шешіледі және оған көп уақыт керек, кем дегенде жарты жыл қажет, - деді Ә.Сембаев.
Сондай-ақ, ол тұрғындарға үйді бұзу туралы шешімге кассациялық шағым түсіре алатындарын айтты. Ал тұрғындар өздері де солай етпекші екенін жеткізді. Олар жоғарыдағылар өздерін естісін деген ниетпен митингке шыққандарын, әділдікке қол жеткізуге жұмыстанатындарын жеткізді. Олардың енді барар жері жоқ, баспаналарын оңайлықпен босата алмайды. «Құрылыс заңсыз болса, неге жергілікті билік құрылыс басталып жатқанда оны тоқтатып, барлық қала тұрғындарына бұл туралы БАҚ пен әлеуметтік желіде алдын ала ескертпеген?» деп таң қалады. Бұған МСҚББ қызметкері енді құрылыс салушыдан үлескерлер салған ақшаны қайтаруды сұрау керектігін және бұл мәселені соттың бұзу үшін белгілеген мерзімі - 31 мамырға дейін шешкен дұрыс деп жауап берді.
Сәл кейінірек жарияланымға Атырау облысы МСҚБ басқармасының басшысы Ерлан ҚАБДИНОВ түсініктеме берді: «Бұған дейін бірнеше рет хабарланғандай, 2021 жылдың тамыз айында жеке тұлғаның өтініші бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы «Лесхоз» шағын ауданында көпқабатты тұрғын үй салып жатқан құрылыс салушыға қатысты тексеру жүргізген болатын. Тексеру барысында құрылыс салушы «Көктем» тұрғын үй кешенін рұқсат құжаттарынсыз салып жатқаны анықталды және учаскенің нысаналы мақсаты тұрғын үй кешенінің құрылысына сәйкес келмейді. Осыған орай, МСҚБ басқармасы ҚР ӘҚтК-не сәйкес 1 043 780 теңге көлемінде айыппұл салды, сондай-ақ бұзушылықтар жойылғанға дейін, яғни рұқсат құжаттарын алғанға дейін құрылысты тоқтата тұру туралы нұсқама берілді. Сонымен қатар, сол жылдың қыркүйек айында осы нысанның құрылысын тоқтату туралы сот шешімі шықты.
Айта кету керек, ол кезде тұрғын үй кешенінің қаңқасы ғана салынған, оны фотосуреттерден көруге болады.
Алайда, құрылыс салушы , бұған қарамастан құрылыс жұмысын жалғастыра берді. Соған байланысты Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы 2021 жылдың қараша айында тексеруді қайта бастады, нәтижесінде құрылыс салушыға тағы да 1 108 460 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Ол кезде құрылыс салушы құрылысты аяқтап жатқан болатын. Яғни, Басқарма мен соттың заңды талаптарына қарамастан, құрылыс тоқтаған жоқ. Осылайша, құрылыс салушы өзінің қазіргі және әлеуетті сатып алушыларын жаңылыстырды. Салынған ақшаны қайтару, басқа да шығындарды өтеу үшін сатып алушылар сот органдарына жүгінуі керек. Менің ойымша, сот алданған сатып алушылардың мүддесін қорғауы тиіс.
Мен тағы да қала мен облыс тұрғындарынан салынып жатқан тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алмас бұрын құрылыс салушыдан құжаттардың толық жиынтығын сұрауын өткінгім келеді. Сондай-ақ, МСҚБ басқармасынан алынған қолданыстағы талон - құрылысты бастау құқығын беретін құжат екенін атап өтемін. Талонның болуы құрылыс салушының барлық құжаттары бар екенін білдіреді, мысалы: жобалау-сметалық құжаттама, ЖСҚ-ға сараптаманың оң қорытындысы, авторлық және техникалық қадағалау шарттары.
Ескеретін маңызды фактор - үлескерлерден ақша тартуға рұқсаттың болуы. Сол кезде үлескерлер өз үйінің қандай жағдайда да аяқталатынына сенімді бола алады. Құрылыс салушы банкротқа ұшыраса да, мұндай нысандар сақтандырылғандықтан «сақтандыру» деп аталатын ақша тұрғын үй кешенінің құрылысын аяқтауға жұмсалады.
Сонымен қатар, үлескерлердің қаражатын тиісті рұқсатсыз тартуға Қазақстан Республикасының Тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнамасымен тыйым салынады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 320-бабы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша кәсіпкерлік қызметтің тыйым салынған түрлерімен айналысқаны үшін жауапкершілік көзделген. Алдын ала брондау шарты, резервтеу шарты, инвестициялау шарты, талап ету құқығын беру шарты және т.б. сияқты қолданыстағы заңнаманы айналып өту арқылы жасалған барлық мәмілелер жарамсыз болатынын еске саламыз.
Рұқсат құжаттарының болуы туралы ақпарат алу үшін қала немесе облыс әкімдігіне жазбаша түрде хабарласа аласыз немесе тікелей Басқармаға келе аласыз, біз мына мекен-жайда орналасқанбыз: Баймұханов көшесі, 16б, «Назерке» бизнес орталығы (ескі ғимараттың жанында). АХАЖ бөлімі), телефон: 52-45- 41».
Айнұр САПАРОВА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор