Лесхоз ықшам ауданындағы көппәтерлі үй тұрғындарының баспаналарын бұзуға қарсы митингісі уәкілетті органдардың назарынан тыс қалмады. Бұл жағдайға Атырау облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ерлан ҚАБДИНОВ түсініктеме берді.
- Көрші тұратын тұрғынның өтініші негізінде Атырау облысы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы тексеру жүргізді. Тексеру нәтижесі бойынша құрылыс салушы жеке кәсіпкер «Суханова Т» жауапкершілікке тартылды. Оған құрылысты тоқтата тұру туралы нұсқама беріліп, барлық қажетті құжаттарды алу үшін мерзім берілді. Құрылыс салушы бұл талапты елемей, заңнаманы бұза отырып, құрылысты жалғастырды, - дейді Е.Қабдинов.
Нұсқама мерзімі аяқталғаннан кейін қайта тексеру жүргізіліп, құрылыс салушының рұқсат құжаттарын ресімдемегені анықталды. Осыған байланысты құрылыс салушы қайтадан жауапкершілікке тартылып, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мәжбүрлеп бұзу туралы сотқа талап арыз сот жолданды. Бұл талапты біле отырып, құрылыс салушы құрылысты бір күнге тоқтатқан жоқ, осылайша бірқатар заңнамалық актілерді, соның ішінде тұрғын үй қатынастары саласындағы заңнама талаптарын бұзды.
Сәулет-жоспарлау тапсырмасын (СЖТ) беруге қатысты: бұл әрі қарай жобалау үшін қажет және құрылысқа құқық бермейтін бастапқы құжат. Бұл құжатты Сәулет және қала құрылысы бөлімі береді және бөлім басшысының лауазымдық міндеттеріне оған қол қою міндеті кіреді. СЖТ құрылыс салушыға «тұрғын үй салуға» (көп пәтерлі емес) берілген.
Бұдан басқа, құрылыс салушының «үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсаты» (Атырау қаласының әкімдігі береді) болмаса да, аяқталмаған үйден пәтер сатқан, бұл заңнаманы өрескел бұзу болып табылады. Ол сондай-ақ заңда белгіленген тәртіппен пайдалануға берілмеген үйге қоныстандыру тұрғысында заңнама талаптарын сақтамады. Үй жобалық құжаттамасыз, техникалық және авторлық қадағалаусыз салынғандықтан, үйдің орнықтылығына кепілдік жоқ.
- Үй тұрғындарының құқықтарын бұзу бойынша, сондай-ақ олардың шығындарын өтеу бойынша барлық жауапкершілік ел заңнамасын бұзатынын түсіне отырып, құрылысты тиісті рұқсат құжаттарсыз бастаған және осы үйде пәтерлерді сатқан құрылыс салушыға толығымен жүктелуі тиіс деп санаймын, - дейді Е.Қабдинов. - Құрылыс салушы бірқатар заңдар мен заңға тәуелді актілерді бұзды. Осыған байланысты бұл жағдайда өздерінің құқықтары мен еркіндіктері бұзылды деп санайтын тұрғындардың сотқа тиісті талап арызбен жүгінуге құқығы бар деп санаймын.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ