Лесхоз ықшамауданындағы «Көктем» тұрғын үй кешенінің тұрғындары құрылысына өздері үлес қосқан үйлерін бұзуға қарсы митингке шықты. Бұл үйді бұзып тастаса, баратын жеріміз жоқ дейді тұрғындар.
Еске салсақ, осы жылдың тамыз айында Атырау облысының Экономикалық соты осы үйді бұзу туралы қаулы шығарған еді. Ол рұқсат құжатсыз салынып жатқандықтан, құрылыс салушыда мақұлданған эскиздік жобасы да, сараптамадан өткен жұмыс жобасы, құрылыстың басталуы туралы хабарлама да болмады. Бірақ қомақты ақша салып, осында тұрып жатқан адамдар не істейді?
- Мен бұл пәтерге жылдар бойы тапқан табысымды жұмсадым. Үй сапалы салынған, еш проблемасы жоқ. Неліктен енді менің үйімді тартып алып жатыр? - дейді 65 жастағы Меруерт ҚЫЗЫЛОВА дал болып.
Ал тұрғын үй кешенінің сәулетшісі Сәуле ЕСМАҒАМБЕТОВА бұл үйдің бекітілген эскиз жобасы, сәулет-жоспарлау тапсырмасы, Ерлан ҚАБДИНОВТЫҢ қалалық сәулет бөлімін басқарған кезінде (қазір ол мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасын басқарады) қол қойған техникалық қорытындысы бар екенін растап отыр.
– Адам құжатқа өзі қол қояды да, жылдар өткен соң компания директорын сотқа береді. Бұл қалай сонда? Біздің барлық құжатымыз бар, тұрғындар қоныс тойын тойлап үлгерді, – дейді Сәуле Есмағамбетова.
Бұл үйде басқа тұрғындардың қатарында бала кезінен мүгедек жандар, көп балалы отбасылар, қарттар бар. Олар құрылыс кезінде тұрғын үй кешенінің иесі солар үшін бағасын түсіргендіктен үлестік қатысуға кіргенін айтады.
- Осы пәтерді алу үшін арнайы алған несиемізді әлі төлеп жатырмыз. Төрт баламен қайда барамын? Өздері жоқта үй сүріліп қала ма деп қорқып, жөндеу жұмыстарын әлі бастамаған тұрғындар да бар. Біз бұған жол бермейміз, соңына дейін барамыз! – дейді көп балалы ана Дина ИБРАГИМОВА.
Сәуле Есмағамбетованың айтуынша, бұл хикаяның бәрі осы үйдің маңында тұратын облыс әкімдігі шенеунігінің арызынан басталған.
- Бұл туралы айтуға бола ма, жоқ па, білмеймін, бірақ бәрі сол кісіден басталды. Шенеунік үйінің жанынан көппәтерлі үй салуға құқымыз жоқ деп уәж айтып, біздің ЖК-дан пәтер талап етті. Алайда осы үйдің алдыңғы иесінің құрылыс салуға рұқсаты болды, - дейді Сәуле Есмағамбетова.
Кейін тұрғындарға МСҚБ басқармасының бас маманы Рүстем МӘКІБАЕВ келді. Ол тұрғын үй кешенінің ешқандай рұқсат құжаттары жоқ деп мәлімдеді:
- Құрылыс салушыға бірнеше рет ескерттік. Қолдарында ешқандай құжат жоқ, әйтпесе істі сотқа бермес едік.
Тұрғындар бұл мәлімдемеге қанағаттанбады және баспаналары үшін соңына дейін күресуге бекініп отыр, тіпті, мемлекет басшысына да жүгінбек.
Фархат АБИЛОВ