Атырау, 25 қараша 14:25
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Арамызда "тыңшы" бар»

5 032 просмотра

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы (балық қорғау) инспекциясы өткен жылдары облыстағы балық аулау кооперативтерінде жіберілген заң бұзушылықтар бойынша материалдарды сотқа жолдай бастады.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, заң бұзушылар үшін балық аулау шарттарының бұзылу қаупі төніп тұр («АЖ», №11, 14.03.13 ж., «Мәселені төтесінен қойды», «АЖ», №13, 28.03.13 ж. «Мәселені төтесінен қойды-2» жарияланымдарын қараңыз).

Балық қорғау инспекциясы бастығының орынбасары Мәншүк  ТЕМЕШЕВА хабарлағандай, жақында 2010 жылдың Балық шаруашылығын жүргізу жоспары бойынша шабақтарды ұдайы өндіруге міндетті төлемдерді төлемегені үшін «Каспий таңы» өндірістік кооперативіне талап арыз берілген. 

Біз сотта өз дәлелдерімізді ұсынамыз, - дейді «Каспий таңы» кооперативі төрағасының орынбасары Еркін МАҒЗОМОВ. – Мәселе мынада, 2010 жылы біз өзіміздің тоғандық шаруашылығымызды құруды жоспарлап, жерге қатысты және басқа да жұмыстарды жүргізген едік. Кейін қызметтің осы түрін жолға қоя алмадық. Бірақ шығынға ұшырадық. Біздің тиісті құжаттарымыз бар. Сотта кімнің дұрыс, кімнің бұрыс болатыны айқындалатын болады.

28 наурызда балық қорғау инспекциясы балық аулау тартымдары бойынша баспасөз турын ұйымдастырды. Шараның мақсатын балық қорғау инспекциясының бастығы Әлібек БҰХАРБАЕВ қысқа ғана сипаттап берді:

– Біз балық аулау кооперативтеріне лимиттердің бөлінгенін және олардың өз жұмыстарына кіріскендігін жұртшылыққа көрсеткіміз келеді.  

Ал көрсетілген балық тартымдарының жартысының бостығы, ол жерде балықшылардың жоқтығы журналистердің көздеріне шалынды.

– Олар қазір ау салатын катерлерді, «прорез» қайықтарды жөндеп жатыр. Бұлармен ауланған балықтарды тасымалдайды. Оның үстіне, балық әлі дұрыс жүрген жоқ, - деп түсіндірді балық қорғау инспекциясының басшысы.

Біз аялдаған Төменгі Зарослый тартымынан ауланатын балықтың азайғандығына «Абылайхан» ЖШС қызметкерлері шағымданды. Қаракөз, көксерке, ақмарқа балықтары аз екен. Біздің көзімізше балықшылар ау тартып шығарды, оған бар болғаны «тірі күмістің» бір тоннадайы ғана түсіпті. «Абылайхан» ЖШС директоры Еркін КУШАЛИЕВТІҢ айтуынша, балық сәуір айында жаппай жүретін көрінеді. Өткен жылдары бұл маусымда олар бір ау салғанда 15 тонналап балық аулаған екен. Алайда қазіргі мардымсыз олжалары сенім тудырмай отыр.

Ә.Бұхарбаев журналистерге Балықшы мен Дамбы ортасындағы өзен аралығында балық қорғау инспекциясы бригадаларының қайықпен браконьерлер салған ауларды қалай тралдайтынын (сүзіп алатынын) көрсетті. Инспекция басшылығы мұндай рейдтердің күн сайын жүргізілетіндігін, сондықтан қазір тралдау кезінде аулардың аз түсетінін айтып ант-су ішті. Браконьерлер жоспарлау кезеңінде-ақ балық қорғау инспекциясының рейд жүргізетіндігін қалай біліп қояды деген сұраққа, ол:

- Мен кейде жұмыс күнін өз қарамағымдағылардан ұялы телефондарын тапсыруды өтінуден бастаймын. Тек содан кейін ғана олар катерлерге отырып, рейдке шығады, - деп жауап берді.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

1 сәуір 2013, 14:06

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.