Атырау, 11 желтоқсан 04:20
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -1
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Байғуатовтардың бөдене патшалығы

Сурет Бейнежазба
1 645 просмотра

Индер ауданы, Көктоғай ауылының тұрғыны Нұрлыбек БАЙҒУАТОВ бөдене бизнесін 30 жұмыртқадан бастап, оны ірі шаруашылыққа айналдырды.

34 жастағы Нұрлыбек Атырау агроколледжін бітірген, Қарабатанда техник болып жұмыс жасайды. Тұрақты жұмысынан қол үзбей, демалысында үй шаруасымен айналысатын ол мігір таппайды. Бөдене өсіру кәсібі отыз жұмыртқа сатып алудан басталғаны таң қалдырады:

- Ауылда жоқ іспен айналысып, табыс тауып, отбасы бюджетін қалыптастыруды бұрыннан ойлайтынмын. Төрт баламыз бар, бесінші сәбиіміз дүниеге келмекші. Оның үстіне жаңа үй салуды да бастап кеткенмін. Бәріне қаражат керек, күнделікті ішіп-жеміңді қоспағанда. Не істесем екен деп жүргенімде, бөдене құсын өсіру идеясы туындады, сойсаң ет, жұмыртқасы адам ағзасына таптырмайтын ем.

Отағасы бұл кәсіппен айналысуға өткен қыста кіріскен. Құсты өсіру үшін ересек құстар мен олардың балапандарына орын дайындаған:

- Жәшіктің бетін матамен жауып, ішіне жарық орнатып қойғанмын. Жалпы бұл құс аса бір күтімді қажет етпейді, әрі өзі өсімтал, - дейді ол шаруасымен таныстыра жүріп. - Вахталық жұмысқа кеткенде жұбайым Перизат құс баптауды қолға алса, оған бастауыш сыныпта оқитын қызым Ақниет пен ұлым Мүслим көмектеседі.

... Негізінен көп адам бөденені жұмыртқасы үшін өсіреді. Бұл жағдайда ең жақсысы жапондық тұқым. Менің өсіріп жатқаным жапондық бөденелер, олар 50-60 күн ішінде жұмыртқа сала бастайды. Жыл сайын әр бөдене салмағы 10-14 гр болатын 300 жұмыртқаға дейін береді. Жапондықпен қоса Шымкент қаласынан «Эстон Феникс» тұқымын алдыртқанмын, ол анағұрлым етті. Балапандарын ерекше күтімге алмаса болмайды, алғашқы аптада екі сағат сайын тамақтандырса, одан кейін ол сан қысқарып отырады. Жарма, сүзбе ұнтағы, қатық, бөдене жұмыртқаларын пісіріп, уақтап беремін.

- Бұл сол бастапқы 30 жұмыртқадан өсірілгені ме?    

- Иә, қазір 500-ге жуық бөдене, 300-дей балапаны бар. Жұмыртқасын үздіксіз сатып отырмыз, Батыс Қазақстаннан бастап осы Атырау облысынан сұраныс беріп, алып кетушілер бар. Бұл кәсіпті дамыту ойда бар. Жазда балапан шығару үшін Атыраудағы жолдас жігіттің инкубаторын пайдаландым. Мен тек жұмыртқасы емес, етін де көбірек дайындауға жұмыстану ойымда бар. Қайтарымсыз грантқа қол жеткізсем деймін. Оқып, сертификат алдым, бизнес жоспарымды қорғап, қайтарымсыз қаржыға қол жеткізем деп үміттенемін. Қазіргі шағын орынды үлкейтіп, инкубатор құралын сатып алғым келеді. Бөдененің жалпы санын 2 мыңға жеткізсем деймін. Вахталық жұмысымды да тастамаймын, отбасы бизнесін дамытып, балаларымды осы іске баулығым келеді.

«АЖ» анықтамасы: Бөдененің жұмыртқасында тауық жұмыртқасына қарағанда А және Д дәрумендері екі есе көп. Ал В тобындағы дәрумендер алты есе, фосфор, калий және темір төрт-бес есе жоғары. Бұл диеталық өнімде мыс, кобальт, никотин қышқылы мен амин қышқылы мол. Сапалы, сақталу мерзімі де жоғары, бөдене жұмыртқасы бөлме температурасында айға жуық, ал тоңазытқышта 60 тәулікке дейін сақталады.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор 

11 қаңтар 2023, 12:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.