Атырау, 23 желтоқсан 12:07
 ашықВ Атырау -1
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Хаменованың соты: «Бұл жерде шоу жасамаңыздар!»

Сурет Бейнежазба
2 329 просмотра

Бүгін, 21 қазанда Атырау облысы әкімінің экс-орынбасары Бақытгүл ХАМЕНОВАНЫҢ ісі бойынша өтіп жатқан кезекті сот отырысында прокурор Лаура АСАНОВА сотталушы Ақылбек РЫСҚАЛИЕВТЫҢ алдыңғы сот отырысында берген айғақтарына байланысты сот тергеуін қайта бастауды сұрады.

Еске салсақ, 13 қазанда Рысқалиев «пара беруші мен пара алушының арасында делдал болдым» деген алғашқы айғағын өзгертіп, Хаменованың 4,5 миллион теңгеге еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, ол мұндай айғақты Антикор қызметкерлерінің қысымымен берген.

Бұдан басқа, Асанова ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жедел уәкілдері Изат МҰРАТОВ, Мақсат МҰРАТОВ және Мұрат НҰРМҰХАНОВТАН онлайн режимде жауап алуды сұрады.

Айыпталушылардың адвокаттары судья Жұмағали ТӘШІМОВКЕ прокурордың өтінішін қанағаттандырудан бас тартуды сұрады, өйткені бұл тек қағазбастылық пен істі негізсіз созуға әкеледі деп есептейді.

- (Антикор) қызметкерлері өздеріне қарсы куәлік бермейді, сондықтан олардан жауап алудың мәнісі жоқ деп есептеймін. Бірақ сіз (судья) үзіліс жариялап, олардан жауап алсаңыз, онда мұны тез жасау керек, - деді Ақылбек Рысқалиевтың адвокаты Нұрлан ЖОЛБОЛОВ.

Бақытгүл Хаменованың адвокаты Игорь ВРАНЧЕВ оны қолдап, ол да солай деді.

Прокурор Антикор қызметкерлеріне осы сот отырысына куә ретінде жауап алуға шақырылатыны туралы хабарлау үшін 5 минуттық үзіліс жариялауды сұрады. Тараптардың пікірін тыңдаған судья істің мән-жайын толық және объективті зерделеу үшін Антикор қызметкерлерінен жауап алу туралы прокурордың өтінішін қанағаттандырып, 5 минуттық үзіліс жариялады.

АНТИКОР ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНЕН ЖАУАП АЛУ

Үзілістен кейін ең әуелі астаналық Антикор қызметкері Изат МҰРАТОВТАН жауап алынды. Ол Алматыдан WhatsApp қосымшасындағы бейнеқоңырау арқылы байланысқа қосылды.

Оған прокурор Лаура Асанова сұрақ қойды:

– Өткен сот отырысында Ақылбек Аманбайұлы (Рысқалиев – авт.) сотта Антикордың жедел уәкілдері Бақытгүл Хаменоваға қатысты айғақ беру бойынша инструктаж жүргізгенін түсіндірді. Солай ма?

Изат Мұратов:

– Рысқалиевтың қазіргі айғағы шындыққа сай емес. Бұл тікелей жауапкершіліктен жалтару деп есептеймін. Ешқандай инструктаж болған жоқ, тек микрофон бекітілгенін, жазбаны бұзбау үшін күрт қозғалыс ым-ишара болмауы керектігі ескертілді.

Жолболов Мұратовтан Рысқалиевты ұстау кезінде оның бостандығы шектелді ме деп сұрады. Ол ұстауға қатысқанын – бұл Рысқалиевтың келісімімен жүргізілгенін, бұл тұрғыда бостандығына шектеу қойылмағанын, оның еркін қозғала алғанын айтты.

- «Келісіммен ұстадық» дегенді қалай түсінуге болады? Сіз «Сізді ұстауға бола ма?» деп сұрадыңыз да, ол «иә» деді ме? Солай болды ма? – деп нақтылады Жолболов

- Жоқ. Кірдік, өзімізді таныстырдық, тергеу әрекеттерін жүргіздік... Сосын ол тергеушіге істің мән-жайын, қалай болғанын айтып берді.

– Бірақ бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер оны екі жағынан қолынан ұстап алды ма?

– Айта алмаймын, мен бұл сәтті көрмедім. Мен ол кезде сыртта болдым.

Келесі кезекте астаналық Антикор қызметкері Мақсат МҰРАТОВТАН жауап алынды. Ол да Алматыдан қосылды. Прокурор Саматова одан Рысқаливқа қарсы оның және әріптестерінің тарапынан қандай да бір, атап айтқанда, оның алғашқы жауабына қатысты қысым болды ма сұрады.

– Мен Рысқалиевты жеке танымаймын. Ол туралы тек ұсталған кезде, оқиға орнын тексеріп жатқанда ғана білдім. Мен бейнекамераға түсірдім, тексеру жүргізу кезінде оған ешқандай қысым көрсетілген жоқ, - деп жауап берді М.Мұратов.

Оның тарапынан әлдебір шағымдар болды ма? — деп сұрағын жалғастырды прокурор.

- Оның тарапынан ешқандай шағым болған жоқ, өйткені мұның бәрі бейнекамераға жазылды. Содан кейін ол тергеушілермен бірге департаментке барды. Тергеуші одан жауап алған соң ол үйіне кетті.

Бұдан кейін адвокат Жолболов сұрақтар қойды:

– Сіз бейнекамераға түсіргеніңізді айттыңыз. Демек, сіз бұл іс-әрекеттің басынан бастап болдыңыз, сізді дұрыс түсіндім бе?

– Иә, әу бастан.

«Рысқалиевты ұстамады ма, тиіспеді ме?» деген сұраққа М.Мұратов «ұмытпасам, ондай болған жоқ» деп жауап берді.

- Ал қаншалықты ұмытпадыңыз?

- Оның қасында біреу болған шығар, бірақ оның қолын бұраған жоқ.

- Яғни, ешкім қолынан ұстамады, сізді дұрыс түсіндім бе?

- Жоқ, ешкім ұстамады.

Жолболов сотқа сұрағы жоқ екенін айтты, бірақ өзіне (бұл естіліп тұрды), бұл өтірік - бізде видео бар деді.

 

ОРЫНСЫЗ ҚОЛ ШАПАЛАҚТАУ

Әрі қарай прокурор Рысқалиевтың бастапқы айғақтарының өзгеруіне байланысты нақтылау үшін 2021 жылдың желтоқсанында жасырын тергеу әрекеттері кезінде түсірілген ұстау видеосын қайта қарауды сұрады. Жолболов сотта берген айғағын өзгерту қорғалушысының құқығы екенін айтып, қарсылық білдірді. Оны әріптестері мен Рысқалиевтың өзі қолдады. Олардың пікірін тыңдаған судья прокурордың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Осыдан кейін залдағылар бір ауыздан қол соқты. Бұл судьяға ұнамады:

- Сіздерге ескерту жасаймын. Біз бұл жерде өз жұмысымызды атқарып жатырмыз, ал сіздер мұнда шоу жасап отырсыздар ма? Ұялы телефонға түсіресіздер, қол шапалақтайсыздар, күлесіздер, әңгімелесесіздер. Жалпы, бұл тәртіпті бұзу болып табылады. Бұл адамның мінез-құлық мәдениетін білдіреді. Сотқа қатысуды білмейсіздер ғой... Басқа өтініш болмаса, сот жарыссөзіне көшеміз.

Осы жерде прокурор Рысқалиевтың сотқа берген алдыңғы айғақтарына байланысты жарыссөзге дайындалу үшін уақыт сұрады. Судья оған қанша уақыт қажет екенін сұрады. Ол «бір күн немесе судьяның қалауы бойынша» деп жауап берді.

Судья алда мереке күндері болатынын айтып, тараптардың пікірін тыңдады. Сотталушылардың адвокаттары келесі сот отырысын кейінге қалдыруға қарсылық білдірді.

- Уақыттың не үшін қажет екенін түсінбеймін - прокурордың ұстанымы баяғыдан белгілі, сондықтан бұл ешқандай мәні жоқ жай ғана уақыт созу деп есептеймін, - деді Жолболов.

 

БҰРЫНҒЫША ТҮРМЕДЕ

Хаменованың адвокаты Игорь Вранчев тергеу изоляторында отырған қорғалушысына бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ауыстыруды сұрады. Хаменова бұл өтінішті эмоционалды түрде қолдады:

– Білмеймін, адамдар бостандықта өздерін жақсы сезінетін шығар, бірақ түрмеде әр сағат, әрбір сәт – бұл уақыт, бұл адам тағдыры, сондықтан, құрметті сот, мен адвокатымның уәждеріне қосыламын.

Прокурор Асанова қарсылық білдіріп, Хаменоваға тағылған айып ауыр қылмыс ретінде сараланғандықтан, өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Судья Жұмағали Тәшімов кеңесу бөлмесіне шығып кетті. Қайтып оралған соң тағылған айыптың ауырлығын ескере отырып, адвокат Вранчевтің өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы етті.

Келесі отырыс 27 қазанға белгіленді.

Айнұр САПАРОВА

Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор 

22 қазан 2022, 02:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.