Өткен аптада Алматы, Ақтөбе облыстарының имамдарынан, Мәдениет министрлігінің Діни істер комитетінің өкілдерінен және «Нұр-Мүбәрак» университетінің ғалым-теологтарынан құрылған үгіт-насихат тобы АМУ студенттерімен және облыстағы жоғарғы оқу орындары мен колледждердің өкілдерімен кездесті.
Мәдениет министрлігінің діни бірлестіктермен жұмыс жөніндегі сарапшысы Асылхан НҰРМАҒАМБЕТОВТІҢ айтуынша, сапардың мақсаты – дәстүрлі ислам дінінің құндылықтарын насихаттау және мұсылмандар арасында түрлі діни ағымдардың белсенділігін азайту жөніндегі ҚР президенті әкімшілігінің тапсырмасын орындау екен.
«АЖ» тілшісінің сұрағына жауап бере отырып, ол уаххабизмнің діни бірлестік ретінде бізде тіркелмегендігіне қарамастан, түрлі дәстүрлі емес ағымдардың кеңінен тарағандығын атап өтті.
- Қазақстанның дәл қай жерінде уаххабиттардың өз жұмыстарын жүргізіп жатқандығын және олармен қалай күресуге болатындығын айта алмаймын. Біз дәстүрлі емес теріс ағымдардың жетегіне еріп кеткен жастарды тура жолға салумен айналысамыз, - деді ол.
Алматы қаласының имамы Мәди АХМЕТОВ жастардың дін төркінін жаңсақ түсінетіндігін мәлімдеді:
- Еліміздің көптеген жоғарғы оқу орындарында хиджаб кию немесе сақал қоюға қатысты мәселелер жиі көтеріліп отырады. Құранда айтылғандай, ислам талаптарына сай киіну әуретті жерлерін жауып жүру дегенді білдіреді. Алайда бұл қоғамнан, достарынан толықтай оқшаулану немесе бет-жүзін тұмшалап алу деген сөз емес қой, - деп атап өтті ол.
Ол сондай-ақ, оқу орындарының барлық өкілдеріне діни мәселелерді Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының қызметкерлерімен кеңесіп шешу туралы ұсыныс білдірді.
- Әдетте, біз қандайма болмасын заң актілерін орындау жөнінде нұсқау алсақ, заңгерлермен кеңесеміз. Сондықтан діни мәселелер жөніндегі мемлекеттік органдардың нұсқауларын орындау кезінде дін өкілдерімен кеңесіп шешкендеріңіз дұрыс болар еді, - деді ол.
Оқу орындарының қабырғасында хиджаб кию жөніндегі мәселеге қатысты діни басқарма өкілдері ұстаздардың хиджаб киюге тыйым салуға қақылары жоқ екендігін мәлімдеді.
Әр адамның діни сенімді еркін таңдау құқығы туралы Қазақстан Конституциясының нормаларына сілтеме жасаған Мәди Ахметов былай деді:
- Ислам дінінде әр мұсылман сөзсіз орындауға тиісті нәрселер бар. Осы талаптардың бірі - әйел адам басына орамал тағып, дін талабына сай киініп жүруі тиіс.
АМУ-нің бірінші проректоры, профессор Серік КЕҢЕСБАЕВ үзілді-кесілді пікір білдірді.
- Әр оқу орнының өз ішкі тәртібі бар. Ол ғылыми кеңесте бекітіледі. Әр студенттің оқу орындарында немесе жатақханада өздерін қалай ұстауы керектігі жөнінде көрсетілген ереже бар.
«Нұр-Мүбәрәк» университетінің оқытушысы, теология ғылымдарының докторы Мұхаммад Махфуздың пікірінше, әр әйел хиджаб кие ме, жоқ па, оны өздері таңдауға құқылы.
- Егер әйел адам орамал таққысы келмесе, Есеп күнінде Алла алдында өзі жауап береді. Ал егер университетте біреулер оның басындағы орамалды күштеп шешсе, Алланың алдында сол адам жауап береді. Егер әңгіме ниқап (пәрәнжі) кию туралы болса, онда қыз бала сабаққа кімнің келгені белгілі болу үшін оны шешуге міндетті. Мысыр университетінде студент қыздардың 80 пайызы хиджаб киеді. Алайда одан университет жапа шегіп отырған жоқ. Сондықтан бұдан дабыра қылып шошитындай проблема жасаудың қажеті жоқ деп есептеймін.
Интерфакс-Қазақстан хабарлағандай, 2-ші наурызда білім беру мекемелерінде хиджаб кию құқығын қорғау жөніндегі бастамашы топпен болған кездесуден кейін Қазақстанның білім және ғылым жөніндегі тете министрі Махметқали САРЫБЕКОВ елімізде тыйым салу жөнінде заң дерекқоры дайындалмайтындығын мәлімдеді.
- Мен оларға бұйрыққа қатысты толықтай түсінік бердім. Ол жерде хиджаб туралы, басқа да діни атрибутиканы кию туралы бірде бір сөз жоқ, - деді тете министр.
Кейінірек, 11-ші наурызда ҚР президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Түркістан қаласындағы шығармашылық зиялы топ өкілдерімен кездесу кезінде өз пікірін білдірген болатын:
- Мектептерде, институттарда жастар хиджаб пен пәрәнжі кие бастады. Мен үнемі бұған қарсы болатынмын, - деді елбасы.
Президенттің пікірінен соң, ғылым және білім министрінде осы секілді, алайда нақтыланбаған пікір пайда болды. 12-ші наурызда білім және ғылым министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ алқа мәжілісінде былай деді:
- Білім беру мекемелеріндегі киім үлгісіне, яғни, хиджаб киюге қатысты елбасының ұстанымын өздеріңіз білесіздер. Бұл ұстанымды халық та қолдайды.
- Бұған қосарым, елімізде дінге құрметпен қарайды. Біздің әрбіреуіміз бұл мәселені жақсы түсінеміз және сіздер дұрыс қорытынды жасайды деп ойлаймын, - деді Жұмағұлов.
Сәния ТОЙКЕН
P.S. РЕДАКЦИЯДАН: Егер заң және шариғат түсінігінен бөлек алып қарасақ, зайырлы Қазақстан мемлекеті мен Ислам нормаларының арасындағы қарама-қайшылықтың шешімі табылмайды, ол шиеленісе бермек. Мемлекет мүддесін ұстанатын қызметкерлер (соның ішінде, елбасы Назарбаев та болуы мүмкін), діндар мұсылмандар өз өмірлерінде өз діндерінің нормаларын ұстануларына толықтай құқылары бар, бірақ мемлекеттік құрылым принциптері мен қоғамдық тәртіп нормаларын шариғатқа сай етуді талап етуге құқылары жоқ дегенге саяды. Мемлекет мүддесін ұстанатын қызметкерлер мұны естіртіп айтпайды, бірақ хиджаб пен пәрәнжіге қатысты маңызы аз талапқа көне қалса, әулиелер мен ата-бабалардың, соның ішінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесін мәңгілік мекен еткен қазақ хандығының негізін салушылардың аруағына сыйынуға, мазарлар салуға және басқа да Аллаға серік қосу істеріне тыйым салуға, мемлекеттік құқық пен экономикаға шариғат нормаларын енгізуге (мәселен, пайызға несие беруге, арақ пен темекі сатуға тыйым салады) дейінгі оның басқа да талаптарды орындауға апарып соқтыратыны сөзсіз. Олар бұл биліктен айырылуға, елді төңкеріс жасауға итермелейді деп пайымдайды.