Соңғы жарты жылдықта Атырау мен Астрахань облыстарының арасындағы тауар айналымының көлемі 183 млн АҚШ долларын құрады. Бұл туралы Атырау облысы Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы сыртқы экономикалық қатынастар бөлімінің басшысы Ерлан ҚАЗБЕКОВ мәлім етті.
Атырау облысының әлемдегі 50-ден астам мемлекетпен алыс-берісі бірыңғайланған. Соның ішінде тауардың басым бөлігі Ресейдің Астрахань облысының еншісінде.
- Біздің өңірден Ресейге мұнай өнімдері, металл экспортталса, импортпен азық-түлік, құрылыс материалдары келеді, - дейді Е.Қазбеков.
Соңғы уақытта Атырау облысында ресейлік компаниялардың саны артқан. Жыл басынан бері аймаққа 126 бизнес иесі келген. Ол тізімде түбегейлі қоныс аударғандар да бар. Кәсіпкерлер көбіне көлік саласы, IT-технологиялары, көтерме сауда және мұнай саласын дамытуға үлес қосып жатыр. Сарапшылар бұл көрсеткіш жыл соңына дейін әлдеқайда артады деп отыр. Ал жалпы бүгінге дейін өңірде ресейлік 400-ден астам азамат өз бизнесін тіркеген. Денсаулық сақтау, білім және ғылым, өндіріс пен кәсіпкерлік, туризм мен мәдениет салаларын дамыту бағытында тәжірибе алмасу жолға қойылмақ.
Дайындаған Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ