- Жер телімін алуға 2007 жылы кезекке тұрдым. Жер телімі маған қашан берілуі мүмкін? Мен жалғызбасты анамын, 1 балам бар. Ол үйленіп отау құратын жасқа жетті. Бірақ үстімізде баспана болмағасын біз тойды әзірге кейінге қалдырып отырмыз. Бізге жер телімін алу үшін қандай да бір жеңілдіктер қарастырылған ба?
Телефон арқылы
- Біз көпбалалы жас отбасымыз. 6 бала тәрбиелеп отырмыз. Жұбайым екеуміздің жасымыз 29-да. 2006 жылы тұрғын үй кезегіне, 2009 жылы жер телімін алу кезегіне тіркелгенбіз (биыл тұрғын үй кезегінде 1 273-ші, жер кезегінде 1800–ші болып тіркеліп тұрмыз). Мен жиһаз құрастырушы болып жұмыс істеймін. Менің алатын жалақым - 30 000 теңге. Жұбайым ай сайын 6 876 теңге балалар жәрдемақысын алып отыр. Тағы 14 000 теңге жәрдемақыны бір жасқа дейінгі балаларға төлейді. Әрине, бұл ақша пәтер жалдауға әрең жетеді. Егер біз жер алсақ, өзіміздің үйімізді салып алар едік. Биыл жер телімдері беріле ме екен?
Аман
Бұл сұрақтарға қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің бастығы Слемғали СМАҒҰЛОВ жауап берді:
- Қазіргі мезгілде қала бойынша, селолық округтерді қоса алғанда, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін алу кезегінде 53 652 адам тұр. Бүгінгі күні осы мақсатта жер телімдері негізінен 2003-2005 жылдары кезекте қалған 7 мыңнан астам адамға берілуде. Жер телімін беру мәселесі қалалық әкімдіктің комиссиясы арқылы қаралып беріледі, яғни қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жер телімін беруді тікелей шешпейді.
Қазіргі кезде жер телімдері негізінен Дамбы бойы бағытынан берілуде, яғни Жаңаталап, Атырау, Дамбы елді мекендері маңындағы жаңа алаңдардан. Алдағы уақытта жер учаскелері, қала аумағында басқа бос алаңдардың шектелуіне байланысты, тек қана Талғайраң-Бесікті бағытынан берілетін болады. Бұл жерде тұрғындар ол алаңдарға алдымен инженерлік құрылымдар жүргізіп, содан кейін ғана берілетінін және оның жылына 2-3 мыңнан аспайтынын ескеруі керек.
Жер учаскесі негізінен кезегіне сәйкес берілуге жатады. Дегенмен, қалалық комиссия, түсіп жатқан арыздарына қарай, кейін кезекке алынған көп балалы отбасыларға, бюджет саласы қызметкерлері мен тағы да басқа баспанаға мұқтаж азаматтарға беру мүмкіндіктерін қарап, тиісті шешім алуда.