
“АЖ” тілшісі ауылға барып, зейнеткермен және оның туыстарымен тілдесті, әрі шынымен не болғанын және қатыгездігімен елді дүр сілкіндірген бұл жайттың жай-жапсарын білуге тырысты.
89 жастағы Әділхан Сисенов, 18 маусым күні өз ұлынан зорлық-зомбылық көргенін, денесіндегі көгерген іздердің неден болғанын былайша әңгімелейді:
- Мені қашып кетпесін деп байлап қойғаны рас. Күндіз терезенің торын алып шығайын дегенде ұлым келіп қалып ұрды. Мен терезе алдынан арқамнан құлап түстім. Таңертеңнен мен аш жаттым, тамақ ішкен жоқпын. Далаға шығып кетпесін деп байлап тастады. Түнге қарай келіп, ананы-мынаны айтып, маңдайымнан ұрды,-дейді Ә. Сисенов.
Оның айтуынша қашып кетпесін деп терезенің тұтқаларын алып тастаған.

Одан кейін болған жайтты қарындасы Кенжетай Сисенова жалғастырады.
- Миын айналдыру үшін маңдайынан қайта-қайта ұрыпты. Сосын әжетханаға барғанда ұрлап алған қайшымен скочтарды кескен. Таңғы сағат 4 шамасында ұлы ұйықтады-ау дегенде басқа бөлменің терезесі арқылы шығып қашқан. Бірден іргелес отырған інісінің үйіне барған, мені таңда шақырды,-дейді ол.
Әділхан Сисенов 1937 жылы туған, тыл ардагері, үшінші топ мүгедегі, онкологиялық есепте тұрады. Ол Сағыз ауылындағы кенже ұлы Қанаттың қолында. Жалпы Әділхан ақсақалдың 8 ұл, 4 қызы бар. Бір қызы қайтыс болған. Зайыбы бұдан он жыл бұрын өмірден озған.
Зейнеткердің басқа ұлы Әдебиет Сисенов Атырауда тұрады. Ол әкесінің қорғауға мұқтаж екеніне сенімді.
- Әкем Әділхан қара шаңырақтағы кенже ұлы Қанаттың қолында 2006 жылдан бері бірге тұрады. Әкем қара шаңырақ үйді баласы Қанаттың атағына аударып берген. Әкем отаны да жеңіп шықты, онкологиялық есепте тұрады, ақыл-есі бүтін. Ішімдікке әуестігі жоқ. Бауыр еті баласынан зәбір көргені менің жаныма қатты батады. Қалай еткенде дұрыс емес, шарасы алынса екен, - дейді ол.
Ә. Сисенов бүгінде әкесінің денесіндегі жарақаттарды және ақыл-есінің дұрыстығын анықтау үшін медициналық тексерістен өткізіп жүргенін айтты. Қалай еткенде әділдік жеңеді дейді ол. Әдебиет қартты қолына алғысы келгенімен аз ғана тұрғаннан кейін Сағыздағы немерелерін сағынып, әрі өзі құралыптас ақсақалдармен әңгімесі жарасатынын айтып тұрақтамайтынын жеткізді.
"АЖ" тілшісі айтары болар деп ұлы Қанаттың ұялы телефонына шыққанда оның кейін хабарласамын деген жауабын алған. Бірақ кейін тілдесе алмаған.
Бүгінде Әділхан Сисенов ұлының үстінен Сағыз ауылдық полиция бөлімшесіне арыз түсірді. Сараптама тағайындалып , қорытындысына сай шара алынбақшы.

Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Азмуханов полиция бұл оқиғаға байланысты тексеріс жүргізуде екенін мәлімдеді.
Кенжетай Сисенованың айтуынша, бірнеше жыл бұрын Әділхан Сисенов пен оның ұлы Қанат арасында келіспеушілік болып, ақсақалдар татуластырған. Оның сөзінше, дау зейнетақысын сұрағаннан басталған, газетке жазылып, дәрі-дәрмегін алғысы келген.
- Ағам өзі жуынады, тамағын өздігінен ішеді. Ол кісіге мал керек емес, тыныш өмір керек. Сотқа дейін менің үйімде болады деп шештік, байлап қою деген сұмдық жағдай. Өзімнің бала-келінім, немерелерім бар. Жазасыз қалмауы керек,-дейді Кенжетай Сисенова.
Жұртшылықты алаңдатқан бұл жайт "АЖ" назарында болады.
Қазақша аударма:
UPD. Кейін Атырау облыстық полиция департаменті жағдайға түсініктеме берді: "19 маусым күні дене жарақатын келтіру фактісі бойынша «Ұрып‑соғу» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта барлық мән‑жайды жан‑жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етуге жатпайды", — делінген хабарламада.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
В Атырау +29.2