Атырау, 7 қазан 09:22
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

17 жастағы аяғы ауыр түркістандық әйелге халықаралық іздеу жарияланды

1 128 просмотра

Түркістан облысында тұратын бар-жоғы 17 жастағы жүкті Назым Алдаш бір айдан астам уақыт табылмай жатыр. Ол 22 ақпанда үйінен дәрігерге баруға шығып кетіп, содан қайта оралмаған, деп хабарлайды Экспресс К.

Өткен жылдың қазан айында Назым Алматыға бара жатқанда, оны әлеуметтік желіде танысқан жігіті алып қашады. Кейін ол анасына қоңырау шалып, жылап, өзін алып кетуді сұраған. Алайда туыстары келгенше, Назым шешімін өзгертіп, сол үйде қалған.

Жігіттің туыстары екі жастың некесін заңды түрде қиып, той жасауға уәде берді. Назымның шешіміне қарсы шықпадық. Бірақ кейін осылай болады деп ойламадық қой, -дейді қыздың әпкесі.

Арада үш ай өткенде Назымды көруге анасы барады. Алайда бақыттан басы айналған қызын емес, көзі көгерген келіншекті көреді.

Ол Назымды жиі ұратын болған. Ақыры некелерін де заңдастырмады. Беті көгерген, оны кері Түркістанға алып кеттік. Бірақ ана жігіт тыныштық бермеді. Оны жиі қорқытып, мазасын алды. Оның аяғы ауыр болатын, -дейді әпкесі.

22 ақпанда аяғы ауыр келіншек Түркістан облысы Сауран ауданындағы үйінен дәрігерге бару үшін шығып кетеді. Осыдан кейін оны ешкім көрмеген. Әпкесі Назымның нөмірін қайта жасатып алып, қоңырау шалған адамдарды қараған кезде, белгісіз нөмірлерді көрген.

Белгісіз нөмір Назымды жігіті алып кеткенін айтты. Полицияға арыз жаздық, бірақ ешқандай хабар жоқ, - дейді әпкесі.

Түркістан облыстық полиция департаменті келіншекті іздеуді бастағандарын хабарлады.

— Түркістан облысы Сауран аудандық полиция бөліміне жоғалған жас келіншектің анасы арызданды. Ол өз арызында үйінде жүрген қызының ауруханаға кеттім деп, сол күйі із-түссіз жоғалғанын жазып, көрсеткен. Жоғалған келіншекті тез арада табу бойынша Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов тапсырма беріп, бұл жайтты жеке бақылауына алған,- деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Іздеу жарияланған келіншек туралы қандай да бір ақпарат болса, Сауран АПБ-ның кезекші бөліміне 8 725 33 5 86 50, 8 747 008 74 80 немесе полицияның 102 нөміріне хабарласуға болады.

28 наурыз 2022, 11:02

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.